10:01, 17 Шілде, 2018
939 просмотров

«КӨКЖАЙЛАУ» БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН САЛЫНАТЫН БОЛАДЫ

Алматыда әлеуметтік бағдарланған «Көкжайлау» курортының жаңартылған тұжырымдамасы журналистерге таныстырылды. Баспасөз өкілдері жиналған таңғы ас алматылық кафелердің бірінде өтті, мұнда қойылған сұрақтарға Алматы әкімдігінің Туризм басқармасының бастығы Ерлан Жайлаубай және Almaty Mountain Resorts компаниясының (бұл әкімдіктің жобаға ТЭН жасау тендерін ұтып алған компания) бас директоры Наиль Нұров жауап берді. Баспасөз отырысында қалаға демалушыларды тартатын маңызды туристік нысанның қажет екендігі туралы сөз қозғалды.

«Көкжайлау» тау шаңғысы курортының құрылысы 2015 жылы тоқтап қалғанын еске салайық. Көрікті шатқалда элиталы құрылыс салу идеясы экологияға зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенген қоғам мұны әртүрлі қабылдаған еді. Бүгінде жоба түбегейлі қайта қаралды: оның бюджеті 1,5 миллиард АҚШ долларынан 200 миллион АҚШ долларына дейін «қысқартылды». «Медеу» паркіне, Шымбұлаққа, Бутаковкаға іргелес жатқан аумақты біріктіретін орасан зор туристік конгломерат  Көк-Жайлау шатқалының өз аумағына дейін тарылды. Паркте жеке коттедждер, элиталы қонақ үйлер мен гольф алаңдары болмайды. Сондай-ақ газ тартудан бас тарту туралы шешім шығарылды.

– Тұжырымдаманы толық өзгерту көзделуде. Тау шаңғысы курортын емес, қала тұрғындары қаладан 30 минутта жете алатын тау паркін салғымыз келеді. Жоба бойынша, Медеу жақтан және Алма-Арасан шатқалы жағындағы техникалық жолдан, Дулати көшесі тарапынан гондола жолын салу жоспарлануда, - деп баяндады Ерлан Жайлаубай.

Жобаның бюджетінен бөлек, парктің өткізгіштік қабілеті де күніне 10 мың адамнан 5 мың адамға дейін кеміді. Ерлан Жайлаубайдың айтуына қарағанда, тау паркінде бес арқан жолы, бес траволатор (қозғалмалы жол) және жалпы ұзындығы 25 км 18 тау шаңғысы трассасы салынады. Жазғы уақытта тау паркі спорттық ойын-сауық алаңы ретінде жұмыс істейтін болады. 50 км жаяу жол соқпақтары мен 30 км велосипед маршруттары жайластырылады. Демалушылар үшін Іле Алатауының жергілікті өсімдіктерінен тұратын ботаникалық бақ өсірілетін болады.

Жеке инвестицияларды тарту туралы сұраққа жауап беру барысында Almaty Mountain Resorts бас директоры Наиль Нұров «инвесторлар кейінірек, сенімді басқару туралы тендер жарияланған кезде келеді», - деп түсіндірді.

– Біз бүгін курорттың бюджет қаражаты есебінен ішінара салынуы көзделетін модельді қарастырудамыз. Коммерциялық нысандар салынып болған кезде, осы активтерді басқаруға қатысты конкурс жарияланатын болады. Инвестор келіп, қонақ үйдің құрылысын аяқтайды, баға саясатын айтып, сол жерде жұмыс істейтін болады. Біз оны реттке келтіреміз және жобаның әлеуметтік сипатын сақтаймыз, - деп мәлімдеді Наиль Нұров.

Парктің құрылысы Алматы қаласының бюджеті есебінен қаржыландырылады деп күтілуде. Дегенмен, әкімдіктегілер республикалық бюджеттен қосымша дотация алу мүмкіндігін жоққа шығармады. Алайда «Көкжайлау» құрылысының жүру-жүрмеуі туралы соңғы шешімді Алматының билік өкілдері 15 маусымға белгіленген жаңартылған техникалық экономикалық негіздемені таныстыру шарасынан кейін қабылдайды. Әкімдік өкілінің айтуы бойынша презентация Smart Point кеңістігінде ашық режимде өтеді.


Дереккөзі: Forbes.kz