10:00, 17 Шілде, 2018
752 просмотров

МУЗЫКА, ПАЛАУ ЖӘНЕ СЕНБІЛІК

«Көкжайлаудағы» Үлкен Алматы Пикнигі несімен есте қалды?

«Көкжайлаудағы» Үлкен Алматы Пикнигіне  700-ден астам адам жиналды. Сондай-ақ пикникке қатысушылар тауда жаппай сенбілік өткізді.

Алматыда Көкжайлаудың көркем табиғатында 700-ден астам адам қатысқан Үлкен Алматы Пикнигі өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жексенбі таңы алматылықтар мен қала қонақтарының есінде тауға жаппай серуендеумен қалды. «Campit» саяхатшылар командасы мен VisitAlmaty туристік ақпарат орталығы бірлесіп ұйымдастырған пикникке 700-ден астам адам қатысты.

Пикникке қатысушылардың қатарында кішкентай балалар да, балаларымен және немерелерімен демалуға келген ересек адамдар да болды. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, 10 маусымда Көкжайлауға адамдардың бір мезгілде келуіне байланысты рекорд жасалды – бұрын-соңды туристердің мұндай саны тіркелмеген еді. Үлкен Алматы Пикнигіне  қатысушылардың негізгі бөлігін 18-30 жас аралығындағы және одан үлкен жастар құрады.

«Респонденттердің алдын ала тіркеу кезіндегі жауаптарына сәйкес, қатысушылардың 75 %-ы мұндай серуенге алғаш рет шыққан. Бұл тамаша. Белсенді демалыс драйвын сезіну үшін бір мәрте тауға барсаңыз жеткілікті. Мен әр екінші адамның тауға экологиялық демалыс құндылықтарын бойына сіңірген күйі оралатынына сенімдімін», - деді «Campit» командасының мүшесі Әнуар Нұрпейісов.

Саяхат Шымбұлаққа апаратын арқан жолына жетпей орналасқан «Просвещенец» аялдамасынан бастау алды. Алғашқы қатысушылар таңғы сағат 7.40-та келіп үлгерді. Кейінірек олардың барлығын тау жолымен 3,8 км маршрут күтіп тұрды. Бұл күрделілігі орташа деңгейдегі трекинг. Жалпы алғанда сапар 2 сағаттан 3 сағатқа дейін созылды, барлығы адамның дайындығы мен төзімділігіне байланысты болды.

Бүкіл маршрут бойында адамдарға Campit командасының еріктілері жол көрсетіп, сұрақтарға жауап берді және жай ғана туристердің көңілін көтеріп жүрді. Таудағы шұғыл жағдайлар үшін жедел жәрдем дәрігерлері жұмыс істеді, бақытымызға орай, қатысушылардың бірде біріне медициналық қызмет қажет болған жоқ.

Түске қарай Көкжайлауға бірнеше жүздеген адам жиналды, ұйымдастырушылар олар үшін концерттік бағдарлама, акциялар ұйымдастырып, түскі ас әзірледі. Эко-уикэндке қатысушыларға палау, тандыр нан мен ыстық шай берілді. SynthBat тобы Үлкен Алматы Пикнигі қонақтарының көңілін көтерді. Өнер көрсету «эко» стилінде өтті – музыканттар дыбыс күшейткіштерден бас тартып, ашық аспан астында акустикалық гитараларда ойнады.

«Ең бастысы, табиғатты қорғауға дайын саналы  адамдардың келгені. Үлкен Алматы Пикнигінің барлық қатысушылары сенбілікке қатысты – Көкжайлау аумағын тазалап, өздерінен кейін жинастырып кетті», - деді Әнуар Нұрпейісов.

Қатысушылардың өздері Пикникке  риза екендіктерін білдірді. Ал кейбірі Алматының тауларын көру үшін басқа қалалардан келген.

«Маған барлығы ұнады, әсіресе шараның ұйымдастырылуы мен акустикалық концерт көңілімнен шықты. Пикниктен кейінгі көңіл-күй тамаша, сөзбен айтып жеткізгісіз, сергектікті, күш-қуатымның артқанын сезінгендеймін. Сондай-ақ жаңа таныстар таптым, бұл әрине қуантарлық жайт. Өз демалысымды пайдалы әрі қызықты өткізгеніме қуаныштымын. Жұмыс бабымен тауға жиі шығудың реті келе бермейді, бірақ бүгін ауа райын болжаушылардың болжамдарына қарамастан, жиналып келіп едім. Енді жаңа шыңдарды бағындырғым келеді, - деді Айнұр Үсенова.

«Мен Қостанайдан келдім, бүкіл өмірімді жазық далада өткіздім. Бүгін өмірімде алғаш рет Көкжайлаудағы тауға шығып отырмын. Алматының табиғаты керемет әдемі екен, сондықтан оны жаңа қырынан аша түсуіміз керек, осы мақсатта балаларымыз бен отбасыларымызды ертіп келуге тиіспіз. Ең бастысы, осындай табиғатты көруге деген ниет пен ықыластың болғаны», - деп Рүстем Шәріп өз ойымен бөлісті.

«Үлкен Алматы сейілі маған ұмытылмас әсер қалдырды. Тауға осыншама көп адамның жиналуы өте әсерлі екен. Бұл жерде өзіме жаңа таныстар таптым, акустикалық концерт есте қаларлықтай. Ұйымдастырушылар барлығын жоғары деңгейде өткізді. Ең бастысы, сейілден кейін Алматының асыл қазынасы Көкжайлаудың аумағын жинастырып, тауды тазаладық», - деді Ғалымжан Балтабай.

Іс-шараны ұйымдастырушылар экологиялық акцияны тұрақты өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Олар енді осы форматта Үлкен Алматы саяхаты мен Үлкен Алматы сенбілігін өткізуге ниет білдіруде.

«Осындай жерде тұратынымыз және мұндай әдемі жерге өз аяғымызбен келіп, жақындарымызбен, достарымызбен уақытты тиімді өткізу мүмкіндігіне ие болғанымыз қандай керемет. Басқа адамдар да Көкжайлауда демалу мүмкіндігін қолдана алса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің ойымызша, бұл туристердің назарын табиғатқа аударудың тамаша мүмкіндігі, сондықтан біз тау туризмі мен жаяу туризмді дамыту жолында жұмыс істейтін боламыз», - деді Visit Almaty ТАО директорының орынбасары Әлия Зәкиева.