10:00, 17 Шілде, 2018
449 просмотров

ЖОАН ВИЛАДОМАТ: «БҰЛ ТЕХНИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ҒАЖАП ЖЕР!»

 

Тау курорттарын жайластыру жұмыстарына маманданған андорралық компанияның президенті «Көкжайлау» жобасын мұқият талқылауды, бірақ мұны тағы 30 жылға созбауды ескертеді.

Жоан Виладомат – PGI Management компаниясының президенті, ол әкесі Фрэнсис Виладоматтан қалған отбасылық бизнестің мұрагері. Оның бизнесінің негізгі мақсаты – курорттарды дамыту мен жайластыру. Ол жыл сайын ҚР-ға кем дегенде бір аптаға келіп, кейде Алматы әкімдігінің қолдауымен өтетін іс-шараларға қатысады. Өзінің есептеуінше, ол біздің республикамызға жиырма рет ат басын бұрған екен. Біздің кездесуіміздің қарсаңында оның сол өлкелерден, Астанадан келіп отырған сәті екен.

PGI Management компаниясының біз іздеп тапқан беттерінің ешбірі ашылмады, дегенмен танымал ресурстардан компания туралы ағылшын және орыс тілдеріндегі оң сипаттағы бір-екі анықтамалық материалды табуға болады, ал оның Google жүйесінде сақталған бетінің көшірмесіне сенсек, PGI – құны $4 млрд. құрайтын активтерге операциялық иелік ететін халықаралық деңгейдегі № 1 компания болып табылады. PGI Management қызметкерлері өздерін тау шаңғысы бизнесінде әлемдегі білікті мамандар деп есептейді. Олар курорттың бүкіл қызмет циклі бойынша, атап айтқанда жобалау мен құрылыстан бастап, пайдалану мен дамуға дейінгі мәселелер төңірегінде кеңестер береді. Мұнда тұжырымдаманы дайындау, жазғы және қысқы белсенді демалыс түрлерін дамытып, басқару жұмыстары жүзеге асырылады. Олар әртүрлі табиғат жағдайларында жұмыс істейді және outdoor іс-шараларды туристік маршруттарға ауыстырып отырады.

Бүгінде Жоан Виладомат Қазақстандағы Mount Astana және «Көкжайлау» сияқты кем дегенде екі жобаға өз кеңестерімен бөлісуде.

 

Ойын-сауық храмы. Indoor. €1 млрд.

2008 жылы австриялық Die Presse онлайн-басылымы «Қазақстан: даладағы қысқы спорт» атты материалында Mount Astana жобасы туралы баяндаған еді. Журналист Ютта Зоммербауэрді орта топ өкілдерінің бос уақытында еш жерде көңіл көтере алмайтындығы туралы ой толғандырды. Оның мақаласында кейбір шенеуніктер мен шетелдіктердің «зеріктіретін астанада» ортаазиялық гламур және сән-салтанат жеткілікті болғанымен, қызу тіршіліктің жоқ екеніне шағым айтқаны жөнінде баяндалады. Сондай-ақ «мәдениетті қастерлеушілер мен спорт энтузиастары не қалада, не оның маңында көңіл көтере алмайды, сондықтан мүмкіндігі барлар демалыс күндерін Алматыда өткізуге құлшынады. Austrian Tourism Consultants (ATC) консалтингтік фирмасының жобасы міне сол адамдарға көмектесуге бағытталған. Ойын-сауық паркінің ортасында 80 метрлік жасанды тау үйіліп, жасанды көл жабдықталады, шаңғы трассалары, гольф-паркур алаңдары жайластырылып, тіпті сноубордшылар үшін де жағдайлар жасалады», дейді.

Жалпы алғанда, жыл бойы жұмыс істейтін парк астана тұрғындары мен қонақтарына жазғы және қысқы белсенді демалыстың 50 түрін ұсынуға бағытталған. Сонымен бірге, үй-жайдың ішінде, үлкен қалқа («unter einer Haube») астында indoor ұйымдастыру жоспарлануда, өйткені сыртқы ауаның температурасы қыста 40°-тан, жазда +40°-қа дейін болғанда ашық аспан астында көңіл көтеру біршама ыңғайсыз.

Австриялық компанияның негізін қалаушы және оның директоры Вальтер Черный (Walther Czerny) тіпті айналысатын шаруасы жоқ жергілікті тұрғындардың торығатындығы туралы айтты. Ол Астанаға тек қана мешіттер мен кеңсе мұнараларының күмбездері емес, күндізгі және кешкі бағдарламалар ұйымдастырылатын ойын-сауық храмы қажет екеніне сенімді. Басылым осы жобаға үлкен сұраныс туралы жазды: бірақ бұл жер ойын-сауық сегментінде жай ғана жапан түз секілді. Жобаның нысаналы аудиториясы – қазақстандықтардың өскелең орта топ өкілдері.

«Еуропада түкке тұрғысыз әурешілік («Größenwahn») деп масқараланған жобалар Қазақстанда қалыпты жағдай саналады («gerade gut genug»): мұнда осындай идеяларға әлсіздік («die Faible») танытылады», деп түсіндіреді Die Presse өз оқырмандарына. Және британдық сәулетші Норман Фостердің туындысы көлемі он футбол алаңына тең Хан Шатырды мысалға келтіреді. 2008 жылы еуропалық журналист миллиард тұратын жобаға қажетті «ұсақ» ақшасы бар біреу табылса, онда АТС компаниясы оны 2013 жылға қарай жүзеге асыра алады деп кекесіндеген болатын.

 

Mount Astana жобасынан «Көкжайлауға дейін»

Mount Astana сәтсіз стартапынан кейін 10 жыл өткен соң, Жоан жұмыс сапарымен Қазақстан елордасынан шығысқа қарай 250 км алшақ орналасқан жерде болып қайтты. Оның назарына жазғы демалыс үшін кеңінен әрі сәтті пайдаланылатын таулы жердегі тамаша демалыс орны ұсынылды. Бірақ бұл демалыс орны қыс кезінде жабық болады. Енді міне, олар winter activity бағытын қалай дамыту, яғни қысқы кезеңде демалушыларды тарту үшін оны тартымды әрі қауіпсіз ету жағын ойластыруда.

Қазақстандағы туристік кластердің тағы бір осындай кідірісті мегажобасы (1985 жылдан бастап) – «Көкжайлау». Informburo.kz осы тақырыптағы бірқатар жарияланымдарынан кейін Жоанның өкілдері редакциямен байланысқа шығып, The Ritz-Carlton Almaty қонақ үйінде кездесуге ұсыныс жасады.

Бәлкім, бұл кездейсоқтық болар, бірақ осы қонақжай люкстік объект иелерінің бірі Сержан Жұмашов болып табылады. Ол «Көкжайлау» жобасын жайластырудың көптеген тұжырымдамаларының біріне жобаның инвесторы ретінде қатысқан еді. Дегенмен Жоан Жұмашовтың қонақ үйінде болған кезі үшін өзінің шотын өзі төлейтіндігін және Барселонадан бұл жерге жұбайымен бірге өз есебінен келгендігін айтып сендірді.

Шамасы, сол күні таңертең қонақ үйдің лоббиінде Informburo.kz журналисі Нұров мырзаны да кездейсоқ кездестірген болар – ол басқарып отырған компания Алматы әкімдігінің Көжайлауды жайластыру жобасының кезекті ТЭН-ін жасауға арналған тендерді ұтып алған болатын. Жұмашов және Нұров ескі таныстар сияқты амандасты. Наиль Фаридовичті Жоанмен бұрынғы таныстығымен қатар, тіпті Андоррадағы сапарлары да байланыстырады.

 

Андорра: контрабанда мен сұр тізімнен ашық жолға қарай

Өткен ғасырдың 50-жылдары халық саны Алматының екі-үш шағын ауданының халық санына тең Андорра князьдігі Пиренейдегі кішкентай мемлекет қана емес, сондай-ақ құрлықтың өте кедей елі болды. Бүгінде оның көлемі бұрынғы күйінде қалды, бірақ өмір сүру деңгейі мен ЖІӨ 50 есеге артты (1970-2007), халық санының өсуі ЖІӨ-ге ілесе алмады (осы кезеңде тұрғындарының саны тек 3,4 есеге ғана өсті).

Банк секторындағы ашық емес бағыты үшін Андорра мен тағы 6 елді OECD «үндемес салық айлақтары (unco-operative tax havens)» ретінде анықтаған еді. Оларға өздерінің банктік қызметіне ашықтық стандарттарын енгізген Арубу және Бермуд, Бахрейн және Кайман аралдарын үлгі етті. АҚШ Қазынашылығының тергеп-тексеруінің нәтижелері бойынша Banca Privada d'Andorra басшысы қамауға алынды: оған Ресейден және Қытайдан шыққан ҰҚТ-дан пара алды және олардың криминалдық кірістерін жылыстатты деген айып тағылды. Андорраға 7 жылдық қысым жасалған кейін кішкентей князьдік OECD-мен мәміле жасасып, аталған ұйым мемлекетті (Монакомен және Лихтенштейнмен бірге) сұр тізімінен шығарып тастады. Енді ресми тұлғалар қоғамды Андорраның ешқашан салық айлағы болуға ниеттенбегендігіне және ешқашан онда болмағанына асыға сендіріп бағуда.

Каталония саясаткерлерінің өңірді елдің құрамынан шығару әрекетін Андорра билігі Испанияның ішкі ісіне жатқызды. Андоррада каталон тілі – мемлекеттік тіл. Аумағы жағынан Андорра Көкшетаудан сәл ғана үлкен, бірақ Өскеменнен әлдеқайда кіші. Еуропалық үшін елдегі биік нүктелердің айырмасы өте маңызды: 900 м-ден (Алматыдағы Абай даңғылының биік нүктесі) 2500 м-ге дейін (Көкжайлау мен Шымбұлақ деңгейінде). Картадағы нүкте Франция мен Испанияның арасындағы шекарада ирелеңдете сызылған.

Жан басына шаққандағы орташа табысы бойынша Андорра еуропалық дәрежелер тізімінде 12-жолды иеленеді: бұл көрсеткіш Голландиядан сәл төмен, бірақ Бельгия, Германия, Франция, Британиядан жоғары. Бүгінде жан басына шаққандағы андорралық 46 мың доллар көрсеткіші орташа еуропалық 34 мыңмен салыстырғанда айтарлықтай көп.

Бұл бай көрші елдердің арқасында мүмкін болды. Оларға Андорра демалыс кезеңінде және жай ғана демалыс күндері лайықты демалыс ұсыну алды. Алматыдағы Көкжайлаудың жақын көршісі – Қырғызстан өңірінің ең кедей мемлекеттерінің бірі. Сондықтан мұндай жағдайда Андорра тәжірибесін Қазақстанда қалай қолдануға болады?

Біздің ортақ ерекшеліктеріміз бар деп пайымдайды Жоан. Андорраның кеңістік пен коммуникацияға байланысты проблемалары бар, себебі оның аумағы шағын. Қазақстанда да коммуникациямен байланысты мәселелер бар – біз барлық нарықтардан алыстамыз, климатымыз да қатал және Қытаймен бәсекелестік те бар. Қазақстан үшін туризм – бұл-стратегиялық бағыт. «Иә, Андорра өте кедей ел болды. Біз – Тулуза, Барселона сияқты Францияның және Испанияның бас қалаларына жол сала бастадық. Енді бұл әуежайларға екі сағат ішінде автокөлікпен жетуге болады. Біздің жағдайымызда Алматы әуежайына дейінгі 14 км ара қашықтық өте жақын болып көрінеді. Андоррадан үш сағатқа дейін ұшу радиусында (3 000 км) 300 миллион адам тұрады, сондай-ақ тау шаңғысы курорттарының саны да өте көп – 2000-нан астам. Алматыдан мұндай ара қашықтықта 1,5 млрд адам тұрады, әрине Үндістан мен Қытайды қоса алғанда. Мұнда нарық шеңбері Андорраға қарағанда әлдеқайда ауқымды. Сондай-ақ халықаралық тау шаңғысы курорттары тұрғысынан бізде бәсекелестер мүлдем жоқ: Қырғызстанда бірнеше, Алматыда бірнеше курорттар бар, бірақ бұл бәсекелестік емес», – дейді Жоан. Статистикалық мәліметтер бойынша бұл сегменттегі туризм соңғы 30 жыл ішінде өсті, өсу үстінде және өсуі жалғасатын болады, деп өз сенімін білдіреді Виладомат мырза.

 

«Бұл шайқас емес, бірақ пікірталас болды»

Ал қазақстандық сарапшы Андрей Старков Informburo.kz берген сұхбатында қазірдің өзінде тартымдылық көрсеткішінің төмендеп кеткендігін алға тартты, оның сөзіне сенсек, соңғы жылдары әлемде 200 тау шаңғысы курорттары жабылған.

Елдер бойынша бөлініс серпініндегі мәселеге арналған барынша егжей-тегжейлі зерттеулерді (International Report on Snow & Mountain Tourism) Laurent Vanat швейцариялық зерттеушінің еңбектерінен табуға болады. Ол тау шаңғысы курортына маманданған дәстүрлі нарықтардың құлдырау үстінде екенін, сұраныстың кідіргенін атап өтеді. Оның есебінде Қазақстанда 266 мың шаңғышы бар деп көрсетілген: олардың ішінде Шымбұлақ, Ақбұлақ, Өскемен, Зырян, Көкжайлау мен Көксайдағы жобалар аталған және тіпті... Кашка-Суу да бар (бірақ соңғысы – қырғыздардың тау шаңғысы базасы).

Андорра Князьдігінде туристік сегменттің таңдалуы бүкіл қоғамның шешімі болған жоқ деп есіне алады Жоан. Германия, Италия, Франция ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін өте жылдам қарқынмен өркендей бастады. Бірақ диктатор Франко басып жаншыған Испания және Португалия барлығынан кешірек бастады: онда салықтар жоғары болды, ал Андоррада («perfect destination!» – «тамаша орын!») еуропалық тауарларды өте арзан бағаға сатып алу мүмкін болатын дейді Жоан. Көршілер үшін шопингтен бастап (кейбір БАҚ елді Пиреней арқылы өтетін контрабандалық сауда орталығы деп атайды – Авт.), Андорра уақыт өте келе туризмге мейлінше ден қойды да, соңынан тау туризміне ден қойды.

«Табиғи ресурстарды пайдалануға келер болсақ, мен оларды пайдалану мәселесіне қатысты тартыс болған жоқ деп айтар едім, бірақ бұл қоғамда пікірталас туғызды. Өз тауымызға қандай құрылыс саламыз? Құрылысты қалай жүргізуге тиіспіз? Бұл мәселеде мемлекеттік реттеу айтарлықтай өзгерді. Ол күшейтілді, ал қазір оны өте қатал деуге негіз бар. 50-жылдары біз тау курорттарының құрылысын мүлдем басқаша салған едік. Біз мұны Қазақстаннан бұрын бастадық. Акционерлер жобаның барлық егжей-тегжейлі тұстарын қоғамның қалған бөлігімен талқылаған жоқ. Бірақ қазіргі кезде Еуропа заңнамасы бұл мәселеге өте қатал қарайды.

Алғашқыда бізде менің әкем сияқты жеке инвесторлар болды және олар Андорра үкіметі үшін өте маңызды еді. Өзіңіз білесіз, Испания – бұл жағажай, жағалау, бұл мұнда туристер қалдыратын 60 млрд. астам доллар. Бұл жағажайлардың мемлекеттік меншіктен жеке иелікке өткенін көз алдыңызға елестетіп көрдіңіз бе?! «Тау шаңғысы аймағы» бар Андоррада да жағдай осындай: мұны жеке меншікке айналдыру жергілікті экономикаға тиімсіз. Кейбір сарапшылар осы саладағы қоғамдық бақылау жөнінде өз ойларын айтты, өйткені тауға шығып, шаңғы тебу үшін Андорраға мыңдаған адамдар келуде. Андорра экономикасының бұл секторы жеке компаниялардың бақылауында бола алмайды. Оның маңызы зор – ел экономикасының 75%-ына дейінгі үлесі осы қысқы кезеңге тиесілі. Жеке компания маусымды қашан және қалай ашу керектігін анықтамауы тиіс. Көптеген елдерде бұл салада мемлекеттік бақылау өте қатал.

Андоррада курорт ашып, бизнесі алға баспаған жеке компаниялар болды, олар банкротқа ұшырады. Сол кезде мемлекеттік қаражатқа локомотив-компаниялар құрылып, аталған банкрот компаниялар олардың иелігіне берілді. Бұл қызметті оп-оңай тоқтата салуға болмайды: онымен басқа да көптеген бизнестер байланысты, оларға осындай белсенділік қажет. Міне, мемлекеттің осы секторға келуінің себебі осы. Қазіргі кезде бұл сегмент Андоррада инвесторлар мен мемлекет арасында екіге бөлінген, бәсекелестік бар. Еуропада жекешелендіру бағыты қолға алынды: жеке секторда – үздік менеджмент, мемлекеттік қызметкерлерге сатып алу кезінде заңнамамен шектеулер қойылған, бұл тиісті рәсімдерді қиындатып, олардың мерзімін созады. Сіздің жағдайыңызда, яғни осы саланы жаңадан қолға алған елдер жағдайында, біздің компанияның Қазақстанда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда жұмыс істейтінін айта кету керек. Алайда, сіздерде, бір қызықты нәрсе жасап, туристерді тарту үшін біздегідей көп уақыт жоқ деп ойлаймын. Сіз енді 50-70 жыл күте алмайсыз ғой, солай емес пе?»

Informburo.kz журналисі сұхбаттасушыға Көкжайлау туралы алғаш рет 1985 жылы айтыла бастағанын ескертті, ол кезде жұртшылыққа (сол уақыттағы ҚазКСР астанасы Алма-Ата қалалық атқару комитеті) оны курорт ретінде жайластыру жөніндегі толық егжей-тегжейлі жоба ұсынылды. Отыз үш жыл – әдетте мұндай мерзімдер тек ертегілерде ғана болады.

Бұл Жоанды таңырқатқандай: «Бұл ұзақ мерзім. Бәлкім, тым ұзақ. Қазақстандықтар тауды жақсы көреді. Ол жаққа қолжетімділікті қамтамасыз ету – жақсы идея. Швейцарияда 300 курорт бар. Төрт Альпі мемлекеті  – Италия, Франция, Швейцария мен Австриядағы тау шаңғысы курорттарының саны 2000-ға жуық. Еліңіздің жер көлемін ескере отырып, математика тұрғысынан ғана сіздерге бес тау шаңғысы курортын жайластыруға болады. Осыған қатысты есептеулер жүргізіп, мұны ой елегінен өткізгеннен кейін, тағы бір талпыныс жасап көру керек, бірақ мұны тағы 30 жылға созып жібермеу қажет».

Андорраның ашық (мәжбүрлі түрде ашық болса да) қазыналық саясатына негізделген еуропалық тәжірибені, экономикасының 40%-ға жуығы «көлеңкелі» болып табылатын және кейде тіпті кімнің қанша табыс табатынын айтуы қиын Қазақстанда қолдануға бола ма.

Әрине, Андоррадағы қаржылық тәртіп бүкіл Еуропалық одақтағы сияқты өте қатал, дейді Жоан. Бірақ Франция немесе Испания сияқты көрші елдермен салыстырғанда, Андоррада салық әлдеқайда төмен.

Андорраның жасы – 800 жыл. Осы соңғы он жылда Қазақстанға келіп жүргенде Виладомат мырза осында орын алған көптеген өзгерістердің куәсі болды. «Өз мәдениетіңізді ескеріңіз, өз адамдарыңызды танып-біліңіз. Елді басқару тұрғысынан сіздер жарадыңыздар. Бірақ жағдайлардың көбі өте жылдам өзгеріп отырады. Қазір көлеңкелі экономиканың бірде-бір мүмкіндігі қалмады. Қоғам тарапынан жіті қадағалау нәтижесінде барлығы транспарентті, ашық болғысы келеді, өйткені көлеңкелі қаражат ағындарымен терроризм де қаржыландырылады».

Informburo.kz журналисі КСРО-да салықтардың жоқтың қасы болғанын, бірақ азаматтардың көбісінің де мемлекетке онша сенім арта қоймағанын қонақтың есіне салды. Бүгін бұрынғы сенімсіздік аясында мемлекеттік жобаларға, атап айтқанда, Көкжайлауға күмәндана қарау жағдайы орын алуда.

Виладомат мырза Қазақстанға азаматтардың сенімін қалпына келтіруге көмектесе алмайтынын, мұның жергілікті мәселе екенін мойындады. Андоррада билік жұртшылықтың пікірін ескере отырып әрекет етеді. Бірақ Қазақстанда да қазірдің өзінде қоғамның жіті назарында біршама оң өзгерістер орын алуда: белсенділер экономикада да, үкімет тарапынан орындалатын іс-әрекеттерде де ішінара бақылауды өз қолдарына алған. Соңғы онжылдықта биліктегілер үшін нақты адамдардың не ойлайтыны, олардың қандай пікірде екендігі, нені қалайтындығы маңызды бола бастады. Енді билік тек өзі қалауы бойынша ғана әрекет етпейді.

Менің сұхбаттасушыма Көкжайлаудағы құрылыс төңірегінде өрбіген белсенділер мен жергілікті биліктің тайталасы мәлім. Ол бұл мысалдан муниципалитет (Алматы әкімдігі туралы айтылып отыр – Авт.) жобаның бағытын толықтай өзгерткенін көруге болады деп есептейді. Бұл мүлдем басқа жоба. Халықаралық саяхаттарға ден қоюдың орнына енді ішкі туристерге көңіл бөлу басталады. Бірінші жобаға қатысты қоғамдық пікір жергілікті билікке әсер етіп, олар өз жоспарларын өзгертті, дейді сарапшы.

Жоан атап өткен елдердің барлығы құрлықтағы бай елдердің қатарына кіреді. Ол Астананың маңындағы потенциалды курортқа өзінің соңғы сапары кезінде жанын асырау үшін тынбай еңбек етіп жүрген өте кедей қазақстандықтарды да көрген. Ол жайластырылған курорттардың, жалпы туризмнің ондай адамдарға табыс әкелуі мүмкін екендігін айта кетті. Сарапшы мұнайға шексіз үміт артуға болмайтынын, Қазақстанның экономикасын әртараптандыру керектігін ескертеді. Бұл ретте, салыстыру мақсатында Mercedes сияқты ірі брендтердің жетістікке жету тарихын мысалға келтірді, оның айтуынша, люкс класындағы автомодельдерді сатып алушылар бүкіл әлемдегі қарапайым жұмысшыларды жұмыспен және күнкөріс көзімен қамтамасыз етуде.

Кімге сенім арту керек: ішкі туристерге ме немесе шетелдік саяхатшыларға ма?

Виладоматтың пікірінше, бұлардың бірі екіншісін жоққа шығармайды, таңдаудың қажеті жоқ, екеуін қоса алып жүру керек: «Тау шаңғысына» белсенді туристер келеді, бұл белсенді демалыс түрі: адамдар мұнда байкерлер, гольф ойыншылары сияқты бос уақыттарында бір пайдалы іспен айналысу үшін келеді. Бұл кәсіпқойлар емес: олар пайымдаушылықпен емес, белсенділікпен шұғылдануды қалайды. Қытайдан немесе Үндістаннан келетін туристер отбасыларымен 5-6 күн болып, қомақты қаражат жұмсайды. Екінші жағынан, Қазақстанның өскелең халқы отбасымен бірге уақытты бақытты өткізуге болатын жерді іздейді. Қазіргі кезде жергілікті билік дәл осы ішкі туризмге ден қойып отыр, бұл мемлекеттік қаражат есебінен болатындықтан, олар мұндай қаражатты адамдардың игілігі үшін жаратқысы келеді».

 

«Бұл техникалық тұрғыдан ғажап жер!»

«Көкжайлау қазір мүлдем «жабайы» жер емес, онда жол төселген, бөктерінде адамдар тұрады. Бастаушылар үшін бұл техникалық тұрғыдан ғажап жер. Қазірдің өзінде сіздерде адамдар көптеп келетін Шымбұлақ пен Медеу бар. Көкжайлауда бәрі қолайлы: оны курорт үшін де, саябақ және хайкинг үшін де қолдануға болады. Бірақ әзірге бұл жер барлығына қолжетімді емес, ол жаққа жете алатын адамдар да өте аз. Үнемі сол жерге барып жүрген адамдар құрылыс салу басталады деп қауіптенеді. Егер сіз Көкжайлаудағы белсенділікті дамытуға арналған инфрақұрылымды қамтамасыз ете алсаңыз, бұл жақсы идея деп оймаймын», – дейді Виладомат мырза.

«Бірақ тағы бір мәселе бар. Адамдарға Үлкен Алматы көліне баруына рұқсат беру арқылы Алматы билігі қоқыс мәселесіне тап болды: мегаполисті сумен жабдықтау көзі пластик пен шыныға толып кетті, ол жерде апатты кептеліс пайда болды», деді Informburo.kz. тілшісі. Гондолалардағы вандализмге Шымбұлақ әкімшілігі де әзірше қарсы қолданар шара таппай отыр. Мұны қалай реттеу керек?

«Бұл сіздерге адамдарды үйлерінен шығармай, олардың тауларға баруына рұқсат бермеу керек дегенді білдірмейді. Бізде де осылай болған: темекі тұқылы көрінген жерде шашылып жататын. Мен сіздің бұны қалай таситныңызды білмеймін... Жиі тазаланатын жер емес, қоқыс тасталмайтын жер таза болады. Жапонияда тазалау жұмыстары көп жүргізілмейді. Бірақ онда жерге қоқыс тасталмайды. Жағдайды өзгерту үшін сіздерге жаңа буын өкілдерін күтудің қажеті жоқ. Оқу мен білім беруді шара қолдану арқылы үйлестіріңіз. Осылайша барлығы өз арнасына түседі».

 

«Адамдар үшін бұл біршама қиындау»

Жоан таңғы ас ішетін The Ritz-Carlton Almaty қонақ үйінің отызыншы қабатынан мамыр айында мегаполистің әсерлі көрінісін тамашалауға болады: ЖЭО түтіні көрінбейді, жеке сектор өз моншаларында автомобиль доңғалағының тысын жағып жатқан жоқ, кептеліс байқалмайды және көліктер омбы қарда түтіндетіп тұрған жоқ. Бірақ қысқы кезеңде көптеген биік жерлерден, соның ішінде Шымбұлақтан қаланың үстіндегі қалың түтін қабатын көруге болатындығы Виладомат мырзаның есінде. Оның айтуынша, мыңдаған адам балаларын ертіп газдалған мегаполистен жоғарыға, яғни тауларға қарай («escape») кетеді. «That' s a bit problematic for the people», – деп қынжылады Жоан.

Андоррадан келген қонақ нақтылау үшін Informburo.kz журналисінен «жергілікті электр станциясы көмірмен жұмыс істейді ме?» деп сұрады. Иә, көмірмен, оның үстіне нашар әрі күлі көп көмірмен жұмыс істейді. «Бірақ сіздердің елдеріңізде газ бар ғой, рас па?» – деп сұрады Жоан. Иә, бар. Виладомат мырза соңғы сұрағын қойды: «электр станциясы жеке меншік иеде ме, әлде мемлекетке тиесілі ме? Бұл үкіметтің меншігі. Жоан Виладомат үш жыл Эрзурумда (Түркия) жұмыс істегенін және онда да ауаның ластану мәселесі аса өзекті болғандығын айтты. Сондықтан сұхбаттасушы мұның Алматы үшін бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе екендігін алға тартты.