10:00, 17 Шілде, 2018
6,287 просмотров

ТУРИЗМ – ЭКОНОМИКА БАСЫМДЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ

Дүниежүзілік туризм және саяхат жөніндегі кеңестің мәліметтеріне сүйенсек, туризмнің жаһандық экономикадағы үлесі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 8,3 трлн долларға жеткен, бұл әлемдік ЖІӨ жалпы көлемінің 10,4%-ын құрайды. Дүние жүзінде шетелдік туристер санының өсуі тұрақты құбылыс. Алматы қаласы еліміздің басты туристік орталықтарының бірі, ол демалыс пен саяхат индустриясының қазіргі заманғы үрдістері аясында дамып келеді. Осыған орай біз Алматы қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубайдан сұхбат алдық.

– Жалпы аймақтық өнім көрсеткішінде туризмнің үлесі небәрі 1,5%-ды құрайтындығына қарамастан, Сіз Алматыны Орталық Азияның туристік астанасына айналуға барлық мүмкіндігі бар деп есептейсіз. Мұндай сенімділік неге негізделген?

– Өзіңіз ойлап қараңызшы: тек ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мегаполиске келетін туристердің саны 22%-ға өсті. Интернет-сауалдарды талдау деректеріне сәйкес, Алматы жөніндегі мәліметтерге еуропалық елдердің, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан және Ресейдің пайдаланушылары көбірек қызығушылық таныта бастапты. Сондықтан «Алматы-2020» бағдарламасында біз туризмді дамудың жаңа қозғаушы күші және экономиканың басым саласы ретінде анықтадық. Алматы экономикасы жалпы көлемінің 87%-ы сервистік қызметтерді көрсетуге тиесілі. Бүгінде Қазақстанның әрбір екінші шетелдік қонағы Алматыға барады.

Елдер мен қалалар бойынша 25 рейтингтің деректеріне сүйенсек, алматылық туристік өнімінің бәсекеге қабілеттілігін талдау көрсеткіштері Қазақстан мен Алматының олардың ішінде 22-орында сенімді жайғасқанын көрсетеді. Мәселен, Bloom Consulting ел брендінің танымалдығы рейтингінде Қазақстан 193 елдің ішінен 98, Doing Business рейтингінде 190 елдің ішінен 36-орынды иеленеді, Mercer рейтингіне сәйкес өмір сүру құны және сапасы бойынша Алматы 400 мегаполистің ішінен 178-ші орынға жайғасты. Бұл өмір сүру құнының қолжетімдігімен қатар, бизнесті жүргізу үшін қолайлы нормативтік ортаның және жағдайлардың бар екенін білдіреді.

– Ерлан Дүйсенбекұлы, Сіз келтірген рейтингтерде қандай елдер Қазақстанмен іргелес орналасқан? Әрине, шын мәнінде, оларға көрші болу оларды біздің тікелей бәсекелестерімізге айналдырады. Алматының қандай артықшылықтары бар және олар Сіз атап өткен туризм дамуының қозғаушы күштері бола алады ма?

– Біздің басқарманың сарапшылары бізбен бәсекелес он елде және олардың астаналарында туризмнің дамуына талдау жүргізді. Олардың алтауы бұрынғы КСРО республикалары қатарынан біздің көршілеріміз бен серіктестеріміз, нақтырақ айтқанда Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Грузия, Әзірбайжан, Эстония болып табылады. Сондай-ақ осы ондықта Исландия, Болгария, Непал және Моңғолия да бар. Осы елдердің және олардың адам ең көп баратын қалаларының бүкіл туристік тартымдылығы тұрғысынан Алматының бірқатар артықшылықтары бар. Олардың арасында, ең алдымен, қаланың мың жылдық тарихын атап өткен жөн. Бізде Орталық Азия халықтары аспаздығының әр алуан түрлері кеңінен таралған. Алматы аумағында және оның маңайында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы саналатын келесі 4 ескерткіш орналасқан: Тамғалы петроглифтері, Қаялық қалашығы, Қарамерген және Талхиз. Айталық, шетелдік туристер, ЮНЕСКО-ның сапа белгісі халықаралық сертификаттауына толығымен сәйкес келетін кәдесый өнімдерін қуана-қуана сатып алады.

Тағы бір даусыз артықшылық – заманауи қаланың дамыған инфрақұрылымы және адам қолы тимеген табиғаттың іс жүзінде жақындығы.

– Барлық туристер үшін басқа да маңызды оң факторлардың қатарына жүріп-тұру және тамақтану бағасының қолжетімділігі жатады. Ең соңында, Алматының басты игілігі – бұл, сөзсіз кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы, біздің қаламызға ең болмағанда бір рет келген әрбір адамның жадында мәңгі қалатын оның тұрғындары. Өткен жылы Алматы ЮНЕСКО шығармашылық қалаларының желісіне қосылды, бұл оның халықаралық мәдени және шығармашылық орталық ретінде мәртебесінің танылғанын көрсетеді.

– Соңғы жылдары Алматы өңірлік туристік тартымдылық рейтингінде өзінің позициясын айтарлықтай жақсартты, алайда, шетелдік туристердің бізбен көршілес Орталық Азия елдеріне, сондай-ақ кавказ республикаларына көптеп барып жатқанын мойындау керек. Теңгерімді «теңестіру» үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Сіз дұрыс айтасыз, біздің басқарма сарапшыларының деректеріне сәйкес, бүгінде Қырғызстанға, Өзбекстанға, Әзірбайжанға, Грузияға Қазақстанға қарағанда 2-4 есе көп туристер барады екен. Тұрақты мониторинг бізге тек қалыптасқан жағдайды талдап қана қоймай, сондай-ақ оны жақсарту бойынша қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Олар қазіргі заманғы әлемдік туризм индустриясы дамуының трендіне сай болуы тиіс және біз жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізудеміз.

«Алматыда туризмді дамытудың 100 қадамы» атты бағдарламалық құжат белсенді енгізілуде, ол инфрақұрылымды дамыту және қалалық ортаны жақсарту мәселелерінен басқа келесідей бағыттарды қамтиды: MICE (іскерлік туризм), медицина, спорт, тау шаңғысы, эко және этнотуризм. Жайлы қалалық ортаны қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасуда. Дат сәулетшісі Ян Гейлдің «Адамдарға арналған қала» деген жобасы бойынша тарихи орталықтың үштен бірі жаңғыртылды. Жалпы, даму бюджетінің үштен бір бөлігінен астамы қаланы абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған. 2017 жылмен салыстырғанда бұл мақсаттарға арналған шығыстар 1,5 есеге өседі. Қаланы тәулігіне 40-60 мың машинадан босататын ҮАААЖ жобасын іске асыру басталды. Туристер үшін алғашқы әсердің маңызы зор, сондықтан қалада Алматы-1 және Алматы-2 темір жол вокзалдарын, «Сайран» автовокзалын қайта жаңарту жүргізіледі.

Егер бәсекеге қабілетті туристік өнімді қалыптастыру туралы айтар болсақ, онда бүгінде Алматыда БҰҰ жанындағы мамандандырылған агенттіктерді қоса алғанда, 30 трансұлттық корпорация және 17 халықаралық ұйым өздерінің өңірлік кеңселерін орналастырған. Бізде Орталық Азиядағы ірі көрмелер – KITF, KIOGE, Power Expo Agro World Kazakhstan және т.б., мыңдаған конференция, мастер-кластар, форумдар, «дөңгелек үстелдер» мен жиналыстар өткізіледі. Жүргізілген түгендеу нәтижелері бойынша 25 мың орындық 849 мәжіліс залы бар 170-ке жуық нысан анықталды. Бұл осы сегменттегі елеулі өсу перспективалары туралы сөз қозғауға мүмкіндік береді.

Алматы биылғы жылдан бастап іскерлік туризм бойынша ең беделді халықаралық көрмелерге қатысады. Алайда, осы бағытты нәтижелі дамыту үшін қолда бар объектілерді едәуір жаңғырту және сыйымдылығы 1 000 адам болатын мәжіліс залдарын ашу талап етіледі. Ірі көрме кешені қажет. Мысалы, дүниежүзінде маңызы бар көрмелерді өткізу ауданы жағынан «Атакент» ҚІЫО-дан 10 есе үлкен кешендерде жүзеге асырылады.

– Мегаполисте өтетін халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар мен музыкалық фестивальдар ішкі туризмді дамытуға қаншалықты ықпал етеді? Алматының Орталық Азияның мәдени және оқиғалық астанасы мерейлі атағына үміткер болуға мүмкіндігі бар ма?

– Бар! Бүгінде қалада 50-ден астам халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде. Қысқы Универсиада спорттық туризмнің дамуына қуатты серпін берді. Жарыстардың, ашылу және жабылу рәсімдерінің көрсетілімдері дүниежүзі бойынша миллиардтан астам телекөрермендерді қамтыды, бұл біздің қаланың танымалдығын арттыруға оң әсерін тигізді.

Tour of Almaty осымен бесінші рет өткізілді, оған 17 елден келген 20 команда қатысты. Веложарыстың тікелей көрсетілімін 22,5 миллион адамдық телеаудиторияны қамтыған халықаралық Eurosport, Eurosport 2 арналарын қоса алғанда, жетекші телеарналар жүзеге асырды. Орталық Азиядағы аса ірі бұқаралық жобалардың бірі «Алматы марафоны» жүгіру жарысы болып табылады, жыл өткен сайын оған қатысушылардың арасында шетелдік желаяқтар көбейіп келеді. Шамамен 400 мың адамды қамтитын қалалық және республикалық деңгейдегі 2,5 мың жарыстан басқа мынадай бірқатар халықаралық спорттық іс-шаралар өткізілді: «Еуразия Барысы», Шымбұлақтағы «Тау фестивалі», «Ұлы дала ойындары», Футзалдан Еуропа кубогының финалы, Қанат Исламның жекпе-жегі және т.б. «Әлем Барысын» өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қалада әлемдік стандарттарға сай келетін «Алматы Арена», «Халық Арена» және 4 гольф-клуб сияқты бірқатар спорт нысандары табысты жұмыс істеуде. «Туған жер» бағдарламасының аясында Алатау ауданында ашық жеңіл атлетикалық жаттығу стадионы салынды, «Мамыр» заманауи теннис орталығының құрылысы аяқталып, Орталық футбол стадионын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы «Халық Арена» жанында 5 мың орынға арналған жеңіл атлетика манежінің құрылысы жоспарлануда.

Универсиаданың арқасында Алатау ауданындағы Атлетик ауылының аумағында жаңа «Алатау» туристік кластері пайда болды: дәстүрлі өнер, театр, дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығы, Nomads қазақ асүй мейрамханасы, 2 мыңнан астам қонақты қабылдайтын Qazaq-Oner қолөнершілер орталығы және әртүрлі көрме-ойын-сауық павильондары. Талғар ауданында «Ғұндар» этнокешені, Қарасай ауданында – «Ауыл Ресорт» кешені жұмыс істеуде. Туристердің арасында «Сұңқар» атты сұңқар питомнигі кеңінен танымал.

Ағымдағы жылы Star of Asia фестивалі, Халықаралық джаз фестивалі, Оркестрлер шеруі, «Ұлы дала рухы» этникалық фестивал, «Алматы Көктөбе Опера» және басқа да іс-шаралар өткізілді, оларға жалпы алғанда шамамен 100 мыңдай адам барды. Эстрадалық мәдениет дамуының жарқын мысалы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткізілетін I'm a singer Kazakhstan халықаралық жобасы. Жоба көрсетілімі 250 миллион адамдық аудиториясы бар 5 елде таратылуда.

Әкімдік жеке ұйымдастырушыларға да қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Мысалы, «Гәкку дауысы», Spirit of Tengri, «Дәмді Алма-Ата» фестивальдері, Clique fest авторлық кино фестивалі іс-шараны өткізуге арналған жалпы бюджеттің 25%-дан астамын алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Боралдайдағы сақ қорғандары» ашық аспан астындағы мұражайы құрылысының жобасын іске асыру жоспарлануда. «Қазақфильм» киностудиясының аумағында «Этноленд» жобасы жүзеге асырылады. Түгендеу қорытындысы бойынша қала және Алматы облысының аумағында туристер үшін әлеуетті тартымды тағы 11 тарихи объект анықталды. Олар инвестициялық салымдарды қажет етеді.

– Жалпы туризмді дамыту контексінде Сіз бүгінде талап етілетін медициналық туризм сияқты бағыттың үлесін қалай арттыруға ниеттісіз?

– Соңғы жылдары қалада медициналық туризм белсенді дамуда. Бәсекеге қабілетті бағалардың арқасында пластикалық хирургия, стоматология, репродуктивті медицина қызметтері сұранысқа ие болып отыр. Соңғы 2 жыл ішінде біздің репродуктивтік медицина Институтымызға Түркия, ҚХР, Германия, Ресей және басқа да елдерден келген емделушілердің саны едәуір ұлғайды. АҚШ-тың өзінен 75 адамға онда қажетті, ең бастысы, нәтижелі қызметтер көрсетілді.

Алайда, біз бүгінде тек қана алматылықтардың шетелде медициналық көрсетілетін қызметтерді алу үшін жылына 500 миллион долларға дейін қаражат жұмсайтынын мойындауға мәжбүрміз. Осыншама қомақты қаражаттың отанымызда қалуы үшін жағдайды біздің пайдамызға түбегейлі өзгерту қажет. Қалыптасқан жағдайдан шығар жол мынадай: біздің еліміздің аумағына уақыт сынынан өткен сапалы шетелдік медициналық брендтерді әкелу керек.

Бұл үшін алғашқы қадамдар қабылданды. Almaty Mount Sinai американдық госпиталінің құрылысы жоспарлануда, сондай-ақ Medical Excellence жапон диагностикалық орталығын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Алайда жергілікті денсаулық орталықтары туралы ұмытпау керек. Бүгінде Алматы агломерациясында жаңғыртуға және инфрақұрылымға инвестициялар салуды талап ететін ыстық және минералды қайнарлардағы 26 демалыс базасы бар. Денсаулық тақырыбының жалғасы ретінде дүниежүзінде туризмнің ең экологиялық түрлерінің бірі ретінде қарастырылатын Алматыда тағы бір маңызды бағыт тау шаңғысы туризмі іске қосылған. Біздің тау шаңғысы курорттарымыздың қызметтерін ықтимал тұтынушылардың денін Алматыдан үш сағат ұшу шегінде тұратын шамамен 600 миллион адам құрайды.

Барлық туристік жобаларды іске асыру мәселесінде әкімдіктің сараланған әрі байыпты тәсілді қолданатынын атап өткім келеді. 2015 жылы қоғамдық пікірді ескере отырып, «Көкжайлау» жобасын іске асыру оның экологияға әсерін қайта бағалау үшін уақытша тоқтатылған еді. Жоба түбегейлі оңтайландырылатын болады. Біздің ойымызша, «Көкжайлау» халық үшін жыл бойы қолжетімді курорт болуы тиіс. Алматы агломерациясында, сондай-ақ шаңғы трассаларының ұзақтығы 150 және тиісінше 80 шақырым «Қаскелең» және «Түрген» орталықтары даму әлеуеті жоғары локациялар түрінде анықталды.

Таудағы белсенді демалыс бүгінде кеңінен жайыла бастады, жаяу, хайкинг және трекинг-туристердің саны айтарлықтай өсті. Биыл 6 туристік соқпақ (Көкжайлау, Кім Асар, Горельник, Тұйықсу, Бутаковка, Ел соқпағы) абаттандырылды, ақпараттық қалқандар, көрсеткіштер, тау өзендері арқылы кішкене көпірлер, орындықтар, күркелер орнатылды. Келесі жылы бұл жұмыс жалғастырылатын болады.

– Қабылданған және іске асырылуы жоспарланған шараларды ескере отырып, бүгіннің өзінде Алматыны тартымды туристік дестинация деп атай аламыз ба?

– Ең болмағанда, біз бұл үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. Әкімдік қаланың танымалдығын арттыру бойынша жұмысты қарқындатты. Мегаполистің жаңа логотипі және «Алматы – мыңдаған реңктер қаласы» деген негізгі ұраны ұсынылды. Толыққанды DMO (Destination management organization) – дестинацияны басқару ұйымын құру үшін қаланың Туристік ақпарат орталығының жұмысы реформаланды.

Интернет-ресурстарда қаланың дәріптеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ыңғайлы форматта туристер үшін барлық қажетті ақпарат шоғырландырылған www.visitalmaty.kz ресми сайты дайындалып, алға жылжытылуда. Танымал әлеуметтік желілерде 200 миллионнан астам байланыстарды қамтыған Visit Almaty аккаунттары құрылды.

TripAdvisor халықаралық онлайн-тұғырнамасындағы Алматы туралы бетке кірушілер саны 37%-ға өсті. Би-би-си және Euronews халықаралық телеарналарында шамамен 50 миллион телекөрерменді қамтитын тікелей жарнама жүзеге асырылуда. Алматы БАҚ-пен және блогерлермен өзара тығыз әрекеттесу арқылы әлемдік туристік көрмелерге қатысып, шетелдік туроператорлар мен БАҚ үшін ақпараттық турларды өткізуде. Сондай-ақ көрсетілетін қоғамдық көлік қызметтерімен тартымды бағада қаланың негізгі көрікті орындарын аралауға бағытталған Almaty city pass бірыңғай туристік картасы дайындалды.

Осылайша, қазақстандық және шетелдік туристердің қала аумағында болуының сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.