12:21, 23 Тамыз, 2018
475 просмотров

Туризм – дамудың қозғаушы күші

Бүгін, 23 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында оңтүстік астананың туристік кластері жетекшілерінің «Алматы туризмі: жаңа бағыттар – 2018» тақырыбындағы есептік брифингі өтті. Мегаполистің Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Мақсат Кикимов, «Visit Almaty» ТАО директоры Камила Лұқпанова және «Almaty Mountain Resorts» компаниясының бас директоры Наиль Нұров қаланың туристік әлеуетін дамыту саласындағы елеулі бастамалар туралы сөз қозғап, ең көрнекті инфрақұрылымдық жобалардың ағымдағы статусы туралы ақпараттарымен бөлісті.

 

Мақсат Кикимовтың айтуынша, туризм өнеркәсіппен, саудамен, құрылыспен, көлік және қаржы секторымен бір қатарда, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін қуатты әрі перспективалы қозғаушы күш болып табылады, осыған байланысты қала бойынша туристік кластерді аймақтық экономиканың толыққанды саласына айналдыру жоспарлануда. Спикердің сөзіне сенсек, бүгінгі күннің өзінде мегаполис «Economist Intelligence Unit» дереккөзінің «өмір сүру үшін ең арзан қалалар» рейтингінде үшінші орынды иеленуде; бұл ретте соңғы үш жыл ішінде туристер саны айтарлықтай артып, өсу динамикасы жылына 14%-дан 20%-ға дейінгі көрсеткішті құрады. 2017 жылы тек Алматы халықаралық әуежайы 508 мың туристі қабылдаған; ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығының өзінде бұл сан 286 мыңды құраған. Қалалық билік өкілдері мұндай көрсеткіштерді PR-компанияның жетістіктерімен де байланыстырады: Кикимов мырзаның сөзіне сенсек, әлемнің жетекші турплатформасы саналатын TripAdvisor жүйесінде оңтүстік астананың микросайтын қарау көрсеткіші биылғы жылы 140 есе өскен. Алматыға бағыт алатын туристер ағынын құрайтын негізгі бес елдің қатарына Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Индия және Германия кіреді.

Кикимов мырза туризмді дамыту тұрғысынан жетістікке қол жеткізудің басты факторы туристік бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар қалыптастыру деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Алматыда 150 туризм объектісі, 180-нен астам қонақ үй мен хостел (биыл жаңа Novotel және Hilton қонақ үйлері ашылмақ), 2000-нан астам кафе мен мейрамхана (жылдың соңына қарай тағы 50-і ашылады деп күтілуде) және 1300 туристік ұйым бар. Алайда мұндай жағдайдың өзінде де, бүгінде Алматының ЖАӨ құрылымында туризмнің үлесі небәрі бір жарым пайызды құрайды. Туристік кластер жетекшісі биылғы жылы қабылданып, брифингке қатысушыларға таныстырылған «Туризмді дамытудың 100 қадамы» қос жылдық жоспарын жүзеге асыру ағымдағы жағдайды жақсартуға септігін тигізеді дейді. Бұл көп факторлы инфрақұрылымдық жобаның құрамына әуе қатынасының жаңа бағыттарын дамытумен қатар, қаланың халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысуы, роуд-шоулар ұйымдастыру, сондай-ақ жарнама құралдарын жетілдіру кіреді.

– Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы қалалық ортаны қалыптастыру маңызды мәселе болып табылады, – дейді Мақсат Кикимов, – сондықтан Алматының сыртқы келбетін жақсарту үшін Ян Гейлдің «Адамдарға арналған қала» жобасы бойынша қазірдің өзінде тарихи орталықтардың үштен бірі жаңартылып, бұл қаланың туристік тартымдылығын едәуір жақсартты. Биылғы жылы 16 туристік объектіні жайластыру жұмыстары жүргізілуде, олардың қатарында Медеу, Көктөбе, Тұңғыш Президент атындағы саябақ, Баум шағын орманы, Панфилов көшесі, Мемлекеттік цирк, Ә. Қастеев атындағы мұражай, Алматы мұражайы, Тереңқұр, Көк базар, 28 панфиловшылар саябағы, Ықылас атындағы мұражай, Ботаникалық саябақ, Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Орталық мемлекеттік мұражай, хайуанаттар бағы бар.

Спикер Балуан Шолақ сарайының жанынан туристерге арналған көлік хабын құру жобасына да тоқталып өтті; құрастырушылардың пікірінше, туристік маршруттардың бірыңғай логистикалық доминантасы олардың бір уақытта синхронды түрде дамуына әрі танылуына жағдай жасайды. Туристер ағынын ынталандыру тұрғысынан маңызды фактор саналатын медициналық туризм туралы да сөз болып өтті: Мақсат Кикимовтың айтуынша, бағалары тартымды болғандықтан, қала пластикалық, жүрек-қан тамыр, жүйке хирургиясы, стоматология және репродуктивті медицина саласында халықаралық нарықта сәтті бәсекеге түсуде. Осының арқасында, екі жыл ішінде Алматыға Түркиядан, ҚХР, Германия мен Ресейден келген емделушілер саны бірнеше есе өскен.

– Бүгінгі таңда тек алматылықтардың өзі шетелдегі медициналық қызметтерге шамамен 500 млн доллар жұмсауда. Мұны өз пайдамызға шешу үшін бізде жақсы мүмкіндіктер қарастырылған, сондықтан біз шетелдік әріптестерімізбен қазірдің өзінде американдық және жапондық үлгідегі екі жаңа медицина орталығы жобаларымен жұмыс істеудеміз.

Табиғат туризмі туралы сөз қозғай келе, Кикимов мырза шетелдік қонақтардың Алматыны бүлінбеген табиғат мекені ретінде таңдайтынын ескертті. Жаңа идеяларды тізімдей отырып, спикер агломерацияның тау кластерін дамытудың іргелі жоспары дайындалып жатқанын тілге тиек етіп, жиналғандарға Үлкен Алматы көлін жайластыру жобасын алғаш рет таныстырды: Мақсат Кикимовтың сөзіне сенсек, ол осы күздің өзінде жүзеге асырыла бастамақ.

Брифингтің тағы бір өзіндік «премьерасы» «Этнолэнд» жобасы болды: осыдан бір апта бұрын оның негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктері БАҚ өкілдері арасында және әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатқан еді. Қалалық туризм саласының жетекшісі жобаның ерекшеліктері мен оған қатысты мәліметтерді жасырмастан, «Этнолэнд» жобасының Қазақстан мен іргелес елдерде баламасы жоқ туристік ойын-сауық орталығы болатынына сенімділік танытып, журналистерге алғаш рет кешеннің келешек бейнесін көрсетті.

Кикимов мырзаның пікірінше, бүгінде қалалық билік өкілдері мен қоғамның бүкіл күш-жігері бәсекеге қабілетті туристік өнім жасауға бағытталуы тиіс, себебі бұл жаңа экономикалық үрдіс талабы. Оның айтуынша, технологиялық ілгері жылжушылық пен электронды коммерцияның дамуына байланысты, алдағы 20 жылда қазіргі жұмыс орындарының 70-80%-ы жойылады да, тап осы туристік сала босаған еңбек потенциалының қажеттіліктерін қанағаттандырып, адамзаттың мұндай дәуір талқысына өзіндік төтеп беру құралына айналады.

«Visit Almaty» ТАО директоры Камила Лұқпанова жиналғандарға туристік қызметтер, яғни оңтүстік астананың «туристік сөресін» дамыту аспектілері туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, туризм елдің әл-ауқаттылығын қалыптастыру көздерінің бірі болып табылады. Лұқпанова ханымның деректеріне сүйенсек, әлемдік ЖҰӨ-нің 6%-ы туризм есебінен құралған, сондай-ақ әлемдегі жұмыс орындарының 6%-ын (яғни 137 млн) тап осы туристік сала қамтамасыз етуде. Бұл ретте, қазірдің өзінде Алматы TripAdvisor дереккөзінің азиялық рейтингінде 78-орынды (ең танымал 265 демалыс орнының ішінен) иеленуде; Ranker.com деректері бойынша Алматы «келіп-кету тартымдылығы» жөнінен Азияның ең үздік қалаларының қатарына кіреді (49-орын). Ал ТурСтат рейтингі, тіпті, 2017 жылдың қорытындысы бойынша туристік орындардың танымалдығы жөнінен Алматы үшінші (алпыс қаланың ішінен) орынды иелену керек деп санайды; бұл ретте біздің мегаполис – Mercer халықаралық консалтингтік компаниясының беделді рейтингіне енген Қазақстанның жалғыз қаласы.

– Біз Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының танымалдығын арттыруды көздейтін жарнамалық кампания құрдық. Оның бірінші толқыны сәуір айында бастау алды, «Өз қалаңды жақсырақ таны!» ұранымен өткен аталған бастама Алматы қаласының өз тұрғындарына бағытталды. Осы кампания аясында біз Ботаникалық саябақ, Алматы мұражайы сияқты қаланың көрнекті орындарында баспасөз және блог турларын өткіздік. Бұдан кейін «Сен және мен – Алматыда демалыста!» жарнамалық кампаниясы өз жұмысын бастады, – деді Лұқпанова ханым. Осыған орай, ол журналистерге түбегейлі жаңа туристік өнім – Almaty Pass картасын көрсетті. Шетелдік баламалары іспетті, бұл картада оңтүстік астананың ең көрнекті жерлеріне, гастрономиялық және ойын-сауық орындарына бару мүмкіндіктері көзделіп, қалалық көлікті шектеусіз пайдаланудың арқасында едәуір қаражат үнемдеу тетігі қарастырылған.

Алайда, брифингте кәдімгідей пікірталас туғызған Almaty Mountain Resorts компаниясының бас директоры, «Көкжайлау» әрмезгілдік тау курортының жобасын құрастырушы Наиль Нұровтың сөзі болды. Нұров мырзаның айтуынша, бұл ел аузында жүрген айтулы жобаға соңғы уақытта көптеген оң өзгерістер енгізілді.

– Бір жарым ай бұрын құрылыс жүргізілетін жердің ауданы 2014 жылғы жобамен салыстырғанда 10 есеге, яғни 300 000 м2 көрсеткішінен 32 000 м2 дейін қысқартылғаны туралы айтқанымызды сіздерге ескере кеткім келеді. Дегенмен біз бұл санмен де шектеліп қалмай, «Көкжайлау» жобасы бойынша салынуы көзделген күрделі құрылыстар ауданын тағы да шамамен 11000 м2 қысқарта алдық. Техникалық объектілердің, атап айтқанда  арқан жолдарының, техникалық ғимараттар мен құрылыстардың, сорғы негізінде жұмыс істейтін қармен қамтамасыз ету жүйелерінің, өрт сөндіру депосының жалпы ауданы 1447 м2 (яғни 10 149 м2 көрсеткішінен 8702 м2 дейін) қысқартылды. Тау-шаңғы бағыты бойын-ша қызмет көрсететін ғимараттар мен құрылыстардың ауданы 6000 м2 артық көрсеткішке (яғни 18 221 м2 көрсеткішінен 11 817 м2 дейін) қысқартылды. Мейрамханалардың ауданы 1636 м2 (яғни 4106 м2 көрсеткішінен 2470 м2 дейін) кемітілді. Ал қонақ үйдің жалпы ауданы 3000 м2 артық көрсеткішке (яғни 9989 м2 көрсеткішінен 6720 м2 дейін) кемітілді. Осының нәтижесінде, жобаланатын ғимараттар мен құрылыстардың жалпы ауданы 11 000 м2 (яғни 32 316 м2 көрсеткішінен 21 008 м2 дейін) қысқартылды: бұл соңғы айдың ішінде-ақ енгізілген өзгерістер. Курорттық құрылыстардың жалпы ауданы 2014 жылғы жобамен салыстырғанда 13,6 есеге, яғни 252 755 м2 көрсеткішінен 18 537 м2 дейін кемітілді, – деді Нұров мырза.

Жұртшылықты алаңдатқан ТЭН ұсыну, жобаның қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау мерзімдері мен Қоғамдық тыңдау өткізу күні де елеусіз қалған жоқ.

– 15 қыркүйекте біздің консорциум ТЭН-ді Тапсырыс берушіге ұсынбақ. Бұл ретте, ТЭН материалдарының ILF компаниясы мен арнайы құрылған Жұмыс тобының тәуелсіз бағалауынан өтетінін түсіну қажет, – деді Нұров мырза. – Біз атқаратын жұмыстарға байланысты ескертулер аз болып, оларды тез түзете аламыз деп үміттенеміз, бұл бізге қазан айының өзінде жобаны Алматы қаласының Қоғамдық Кеңесінде қорғап, одан кейін тап сол қазан айында «Қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау» бөлімін Қоғамның тыңдауына ұсынуға мүмкіндік береді.

Жобаның жетекшісі журналистерге «Көкжайлау» тау курортының «Қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау» бөлімін дайындау аяқталды деуге болатынын айтты. Оның сөзіне сенсек, қазіргі уақытта техникалық автомобиль жолы бойынша «Қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау» бөлімін дайындау аяқталуға жақын – осы жұмыстар аяқтала салысымен, «Қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау» құжатының біріктірілген нұсқасы уақытылы, яғни оны қоғамның тыңдауына ұсынғанға дейін кем дегенде 20 күн бұрын kokjailau.kz сайтына орналастырылады; осы уақытта қоғамдық тыңдау шараларының күні, уақыты мен орны жарияланатын болады. Спикер бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықты осы электронды диалог алаңында өздерінің курортқа қатысты идеяларымен және ұсыныстарымен бөлісуге шақырды, сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде ұлттық заңнама мен Орхус конвенциясы талаптарының бұлжытпай орындалатынын кесіп айтты.