10:00, 18 Шілде, 2018
1,057 просмотров

АЛМАТЫ ӘКІМІ БАУЫРЖАН БАЙБЕК: «КӨКЖАЙЛАУДА» ЖЕКЕ МЕНШІК БОЛМАЙДЫ!

Алматы әкімі Бауыржан Байбек табиғи парктің қорына 100 га жерді қайтару жөнінде тапсырма берді. Бұл шешім жұма күні, 22 маусымда, «Көкжайлау» курортын дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі мәжілісте қабылданды.


«Almaty Mountain Resorts» компаниясының директоры Наиль Нұров әкімге әрмезгілдік тау курорты жобасына елеулі өзгерістер енгізіліп, бастапқы жоспармен салыстырғанда екі есеге дерлік оңтайландырылғанын айтып берді.


«Құрылыс салу алаңы 10 есеге, яғни 300 мыңнан 30 мың шаршы метрге дейін қысқартылды. Шаңғы трассаларының саны 77-ден 18-ге дейін қысқартылса, олардың көпшілігі шаңғыға енді ғана тұрған шаңғышыларға арналған. Қонақ үйдегі орындардың саны 6,5 мыңнан 250 орынға дейін азайтылды. Трассаларға жасанды қар төсеуге арналған екі көлдің орнына тек біреуі ғана салынады», - деді Нұров мырза.


Сондай-ақ ол қайта есептеу жұмыстарының арқасында 100 гектар жердің босатылғанын, оның Іле Алатауы паркінің қорына берілетіндігін атап өтті. Нұров тағы да үлкен көлемдегі жер алабының босатылуы мүмкін екендігін жоққа шығармады.


Баяндамашыны тыңдаған әкім 100 гектар жерді қайтару мәселесін дереу қолға алу жөнінде тапсырма берді.


Бұған қоса, 2002 жылы жеке меншік иелеріне берілген «Көкжайлаудың» 5 гектар жері мемлекетке қайтарылды. 2014 жылы Алматының шекаралары өзгерген болатын, осының нәтижесінде жеке тұлғаларға берілген аумағы 5 гектар жер телімі Медеу ауданының құрамына кірді. Алайда бүгін оңтүстік астананың басшысы Бауыржан Байбек бұл жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берді.


«Біз «Көкжайлауда» жеке меншік болмайды деп бірнеше рет айттық. Бұл жоба ерекше бақылауда тұр, сондықтан біз қоғаммен бірге оның ашықтығын қадағалайтын боламыз», - деді әкім.


Ол жұмыстар аяқталғаннан кейін, жоба қоғам талқылауына ұсынылатындығын атап өтті.


Дереккөзі: Nur.kz

">