08:53, 28 Сәуір, 2018
497 просмотров

КӨКЖАЙЛАУДА ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ КУРОРТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ЖҮРГІЗУГЕ БОЛА МА?

2001 жылы BONITA тобы Алматы қаласының төңірегінде «Іле Алатауы» әрмезгілдік  тау шаңғысы курорттық аймағын құруға кіріскен еді. Ауқымды жоба қазақстандық БАҚ беттерінде кеңінен таралып, жобаның құрастырушылары оны тіпті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да ұсынды. Компанияның корпоративтік сайтында «Іле Алатауы» жобасы «ең жоғарғы деңгейде мақұлданды» деген мәлімдеме жасалды. Жоба Бутаковканы, Қотырбұлақ өзенінің аңғарын, Аққайың мен Көкжайлау үстірттерін, сондай-ақ «Медеу», «Шымбұлақ» және «Алматау» спорт кешендерінің маңайындағы аумақтарды қамтуы керек болатын. 84 тау шаңғысы трассасы (жалпы ұзындығы 278 км) мен 43 көтергіш (жалпы ұзындығы 20 км артық) жобаланған еді. Ең ұзын трасса 8 км созылуы тиіс болатын.

Аймақ бір-бірімен және Алматымен аспалы гондолалы магистралдық арқан жолымен байланысқан бес тау шаңғысы курортынан тұруы керек еді. Жобаның тұжырымдамасында Тянь-Шань тауының солтүстік тарамдарының 3000 га асатын аумағын кенттендіру көзделді. Bonita тобы жобаның басқарушысы қызметін атқарады, ал жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылады деп ұйғарылды. Курорт бір уақытта 50 мың адамға дейін қабылдай алады деген болжам жасалды.

Жоба шеңберінде Forbes журналының қазақстандық франшизасының мәліметтері бойынша Қазақстанның ең бай әрі ең ықпалды бизнесмендерінің бірі саналатын Сержан Жұмашовтың Capital Partners компаниясы туралы сөздер айтыла бастады. Bonita Group аталған жобаның Capital Partners тобына кіретін «Көкжайлау» ТШК компаниясының күшімен жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Алайда бүгінгі таңда Capital Partners жобаларының тізімінде Шымбұлақ және Капланкая (Түркия, Бодрум маңында) курорттары аталғанымен, «Көкжайлау» ТШК жоқ.

«Мүмкіндікті пайдаланып, қолдағыны іске асыру» ұранымен Bonita Group компаниясы қазақстандықтар мен Іле Алатауының қонақтарына Есентай өзені мен Әл-Фараби даңғылының қиылысқан жерінде шаңғы станциясы мен қонақ үй, ойын-сауық кешенін тұрғызуға уәде берген еді (соңынан бұл жерде Есентай мұнарасы салынды). Кешеннің жалпы ауданы 21 мың га асады.

Сол кездегі қала әкімі Виктор Храпунов Алматы әкімдігінің қажетті жерлерді Алматы облысы аумағынан Алматы қаласының аумағына аудару туралы келісімге қол жеткізілгені туралы хабарлап, оларды жобаны дайындаушыларға тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізу, қонақ үй кешенін, шаңғы трассаларын, жолдар мен тұрақтар салу мақсатында берген еді.

Жүзеге асырылған жоба

Компанияның корпоративтік сайтына сенсек, Bonita group 30-дан астам нысанды тұрғызып, реконструкциялаған көрінеді. Әрі құны бір жарым миллиард АҚШ долларын құрайтын «Іле Алатауы» жобасы да жүзеге асырылған жобалар тізіміне енгізілген.

Жүзеге асырылған жобалардың тізімінде құны $ 1,5 млрд құрайтын 84 тау шаңғысы трассасынан тұратын «Іле Алатауы» курорттық аймағы бар. Bonita Engineering сайтының скриншоты.

Ең болмаса бір трассаны немесе көтергішті көру үшін Informburo.kz журналисі Bonita Engineering тобымен байланыс орнатуға тырысып көрді. Алайда біз компанияның офисін таба алмадық. 188 қызметі берген телефон нөмірі тіркелмеген болып шықты. Электрондық хатқа тек автоматты түрде жауап қайтаратын роботтың жауабы келді: «Хат жіберу кезінде қателік орын алды». Корпоративтік сайттың «Байланыс деректері» бөліміндегі телефон нөмірлерінің бірі жауап бермеді, екіншісі «Bonita Group» компаниясы туралы білетіндіктерін, бірақ олардың офисінің 15 жыл бұрын көшіп кеткенін айтты.

Виктор Храпуновтың Қазақстаннан шетелге қоныс аударғаны мәлім. Алматы қаласының жаңа әкімшілігі оған «тұрғындардың мүдделері мен пайдасын көздей отырып әрекет ету жөніндегі міндеттемені бұзды» (сондай-ақ «бөтеннің мүлкін заңсыз иеленді және осы мақсатпен қылмыстық сөз байласты, ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңды бұзды») деген айып тақты. Айыптауларды АҚШ-тың тоғызыншы округінің (Калифорния) соты қарастырды. Қазақстандық БАҚ беттерінде Виктор Вячеславовичке «су қорғау аумақтарындағы жер телімдерін заңсыз бөліп берді» деген кінә тағылды, оның есіміне қатысты Алматы тауларының бөктерлерінде заңсыз құрылыс жүргізумен байланысты дау туындады.

Кейіннен мүлдем басқа техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, енді тек Көкжайлаумен ғана шектелу туралы ұйғарым шығарылды. Үнемі «қала мен қала тұрғындарының мүдделері» туралы пікірлер айтылды: оларды жобаға қарсы адамдар мен жобаны жақтаушылар әртүрлі түсінді. «Көкжайлау-2011» ТШК жобасының авторлары жер телімдерін қайтадан тау етегіндегі жеке коттедждер үшін бөліп беруді жоспарлады. Көкжайлауда құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсы адамдардың бірі қоғам қайраткері Абай Ерекенов бұл ТЭН бойынша 300 үй-жайдың құрылысы қарастырылғанын, ал олардың әрқайсысының аумағы 1000 шаршы метрді құрайтынын мәлімдеген еді.

Ол 2011 жылғы ТЭН-де Көкжайлаудың әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курорты құрылысын жүргізу үшін жарамайтындығы айдан анық көрсетілгенін тілге тиек етті. Бұл негіздемені әлемге танымал шетелдік компаниялар жасаған болатын. Ерекенов ТЭН-нің авторларының бірі, жобаның тау шаңғысы бөлігін бағалауға жауап берген канадалық EcoSign компаниясының деректерін басшылыққа алды. Потенциалды курорт құрылысын жүргізу мүмкіндіктеріне талдау жасай отырып, канадалықтар бес балдық шкаланы пайдалануды ұсынды. Олардың есептеу деректеріне шолу жасаған Ерекенов мырза «ол жердің күл-талқанын шығарған күннің өзінде де, оның қарымы әрі кетсе «үшке» ғана татиды», - дейді. «Үш» бағасының берілуі түбегейлі өзгеріске ұшыраған Көкжайлаудың тек шаңғы тебуді жаңадан үйренушілер мен орта деңгейдегі шаңғышылар үшін ғана қызық болатындығын білдіреді.

Бұл қанағаттанарлық бағаны алу үшін ТЭН авторлары талай бірыңғай шарттарды алға тартқан. Осындай көптеген ескертулер қамтылған ТЭН-нің авторлары өздерінің бағаларының әділ екендігін баса айтады: жалған деректер бергені үшін оларды халықаралық соттарда жауапкершілікке тартуға болады.

Тау бөктері, мәселен, толығымен қайта пішінделуі тиіс: таудың беті өзгертіліп, ол жасанды болуы керек. Сонымен қатар тау бөктерін ұдайы жасанды қармен қамтамасыз етуге тура келеді: мұндай жабын тау шаңғышыларының курортқа деген қызығушылығын едәуір төмендетеді.

Революцияның орнына эволюция

Қазіргі қала әкімшілігі тарапынан Алматының бұрынғы әкіміне қарсы қозғаған қылмыстық істерге Наиль Нұров пікірін білдіруден бас тартады. Бірақ Көкжайлаудағы құрылысқа қарсы адамдардың әрбір дәлеліне өзінің пікірін айтуға дайын. Оның компаниясы «Көкжайлау» тау курортының құрылысына арналған ТЭН дайындау  жөніндегі конкурста жеңіп шыққан. Құжат 2018 жылдың жазында дайын болады деп күтілуде.

Наиль Фаридович Азиаданың өткізілуіне жетекшілік еткен, сондай-ақ ол 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және оны өткізу жөніндегі дирекцияның бірінші басшысы лауазымын атқарған, Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінде жұмыс істеген. Оның қазіргі кәсіпорны «Almaty Mountain Resorts» деп аталады. Конкурс нәтижесі бойынша қазақстандық компания франциялық PEAK' ING Group (We design your mountain) қауымдастығымен бірге жеңімпаз атанды. Шетелдіктер жобаға техникалық және салықтық тұрғыдан кепілдік беретіндіктерін мәлімдеді: топтың барлық мүшелері жобаны жүзеге асыру үшін өздерінің жан-жақты тәжірибесін басшылыққа алмақ.

Сұхбаттасушы тарапынан Informburo.kz журналисіне көрсетілген 25 түрлі-түсті слайдтан тұратын құжат «Көкжайлау» тау курорты құрылысының тұжырымдамасы. 2018 жылдың 6 наурызындағы концептінің жұмыс нұсқасы /әкім Б.Қ. Байбектің назарына ұсынылған презентация/. Құжат Нұров мырза басшылық ететін Almaty Mountain Resorts компаниясының логотипімен, сондай-ақ PEAK' ING Group компаниясының логотипімен рәсімделген.

Виктор Храпуновтың атын атамауды жөн көрген Almaty Mountain Resorts директоры жобаның жыл санауын 2001 жылдан бастап емес, 2006 жылдан бастады, тап осы жылы қазақстандық «МегаИнвестСервис» компаниясымен серіктестік қарым-қатынас орнатқан тағы бір франциялық компания курорт-қала тұрғысынан ең қызықты жер саналатын Көкжайлау бойынша мастер-жоспарын жасаған еді.

Ол әлемде мінсіз тау бөктерлерінің азын-аулақ екенін не олардың өте биік жерлерде орналасқанын ескере кетті. Құны $1,5 млрд құрайтын бұл жобаны Almaty Mountain Resorts директоры дамыған инфрақұрылымы бар, архитектура мен техникалық шешімдер тұрғысынан қызықты халықаралық деңгейдегі мегажоба деп атайды. Мегажоба идеясы өзінің құрамы бойынша да, бағыты бойынша да бетбұрысты саналғанымен, Almaty Mountain Resorts компаниясы бүгінде одан түбегейлі бас тартқан. Бұл модель қолдау таппады.

Бір кездері тау шаңғысы курортына баланған Көкжайлау уақыт өте келе жай ғана тау курортына айналмақ /Суреттер Андрей Михайловтың мұрағаттарынан алынған/.

Жоба түбегейлі өзгертіліп, «Көкжайлау» ТШК» жобасының аббревиатурасынан тіпті тұтас бір әріп алынып тасталды: енді ол «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты емес, жай ғана тау курорты деп аталмақ. Дегенмен мұндай өзгерістердің ел экономикасындағы дағдарыспен байланысы жоқ. Жаңа жобалаушылар өздерінің қарапайымдылығын әлемнің бір де бір сыйлықақылы курорты сыйлықақы ретінде салынбағандығымен түсіндіреді. Куршавель, Ски доломиттері, Зёльдендегі курорттар 30-50 жыл бұрын шағын, әлеуметтік курорттар ретінде салына бастаған еді. Тек уақыт өте келе даму нәтижесінде, париждік богемаға арналған кішігірім Куршавель курортының аты әлемге танылып, ол жиырмаға жуық 5 жұлдызды отельдері бар орынға айналды.

Айналадағы көрініс: таңқаларлық ештеңе жоқ

«Халықаралық деңгейдегі «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты деу барып тұрған жалғандық», - дейді альпинист, сәулетші әрі суретші Андрей Старков. Оның тарапынан ұсынылған қорытындылар «Көкжайлау» ТШК» жобасының қоғамдық экологиялық сараптамасының бір бөлігі болып табылады. Ол да канадалықтардың қорытындысына сүйеніп, «айналадағы көрініс, көзге ілігерліктей әдемі пейзаж» бағанындағы жалған курортқа берілген «үш» бағасына назарымызды аударды.

Көкжайлаудан ешқандай көздің жауын аларлық көрініс ашылмайды: сонау алыс биікте таулар, төменде қала үстінде тұнып тұрған көк түтін. Құмбел жаққа басымызды бұратын болсақ, асқар тауларды емес, бар көріністі жауып тұрған тау бөктерін ғана көреміз, - дейді Андрей Старков. «Алайда жобалаушылар оны да технологиялық жолдармен жауып тастауды ұсынуда. Бұл көлденең жолақтарды мегаполистің өзінен-ақ көруге болады, осының нәтижесінде тарихи ландшафт мүлдем жойылмақ. Тау жаққа көз тастаған алматылықтар мен оңтүстік астананың қонақтары тамылжыған пәк табиғаттың орнына адамның іс-әрекетінің нәтижесін көретін болады».

«Көкжайлауға ат басын бұратын ықтимал аудитория, яғни австриялық Альпіде, үнділік Гималай тауларында болған, құрлықтың басқа да таулары мен әлемдік курорттарды көрген шетелдік қонақтар үшін біздің тауларымыз онша көзге іліге қоймасы анық. Бірақ қазақстандықтар өз тауларын өзінікі болған соң жақсы көреді, өз тауларымыз өзімізге ерекше ыстық», - деп сөзін жалғастырды Старков мырза.

«Осы дау шеңберінде «тау шаңғысы курорты» деген сөзді пайдалану адамдарды жаңылдырады. Мән-жайдың қыр-сырын білмейтін қарапайым адам «мұның жақсы екендігіне» сенімділік танытып, «курортқа қалай қарсы болуға болады?», - дейді. Бірақ мәселенің түп-тамыры бұл жерде тау шаңғысы курортын салудың мүмкін емес екендігінде жатыр. Ол жерде шаңғы тебуге болатын еңіс жерлер жоқ. Көкжайлау негізінен жатық шатқалдардан тұрады, онда қар еріп, айнала ми батпаққа айналады. Ол жерге қар өте кеш жауып, тез еріп кетеді, шуақты күндері ол жерде шаңғы тебу мүмкін емес. Жасанды қармен қамтамасыз ету үшін су керек, ал ол жерде су жоқтың қасы. Оған миллиондаған қаражат жұмсап құрылыс жүргізудің қажеті қанша? Шаңғысын тебуді жаңадан үйреніп жүргендерге ғана жарайтын жайпақ жер үшін бе? Екі-үш жыл өте келе, шаңғы тебуді үйреніп алғаннан кейін олар күрделі трассаларды қажетсініп, басқа жерлерге кетеді. Себебі Көкжайлау оған қызықты болмай қалады. Оның үстіне бізде Шымбұлақ бар ғой, бірақ оны да жаңадан үйренушілерге бейімдеп, бүлдіріп тастады. Алайда Шымбұлақты кеңейтуге болады. Оған Сухой лог жотасы іргелес жатыр, бұл Шымбұлақтың ауданын бірден 40%-ға арттырады. Богданович мұздығымен жоғары қарай Қарлытау жаққа кеңейту мүмкіндігін де қарастыруға болады. Мұндай жағдайда Шымбұлақ қазіргі инфрақұрылымды қолданған күннің өзінде де, ешқандай қосымша қаражат жұмсамастан 5000 емес, 10-15 мың адам қабылдай алатын еді. Арқан жолы бар, аумақ сумен, электр қуатымен қамтамасыз етілген. Алматы үшін Шымбұлақ – көз жетпейтін шексіз алқап. Міне, мұны үнемді әрі экономикалық тиімді тәсіл деуге болады» – деп есептейді Андрей Старков.

«Көкжайлауда тау шаңғысы трассаларын салу ойға қонымсыз, ол жерде курорт болуы мүмкін емес», - дейді ол. Сондай-ақ ол соңғы жылдары әлемде 200 тау шаңғысы курорттының жабылғанын ескере кетті. «Нарық тығырыққа тірелді. Атақты Шамониде бөлмелердің жартысы бос тұр (дегенмен француздар интернет желісінде орыс тілінде сөйлеушілерге арналған жеке бет дайындап жатыр). Ақша төлеуге қабілетті туристер еңбек демалысын 2-3 бөлікке бөледі: қыста оның бір аптасын қолданып, қалғанын жаз бен күзге қалдырады. Тау шаңғысына деген мода артта қалды, бүгінде 20-30 жыл бұрынғыдай ешкім 2-3 апта бойы тау шаңғысы курортында дем алмайды», - деп ойын қорытты Старков мырза.

«Жақсы шопинг тау шаңғысы туризмінің дамуына жағдай жасайды»

Арманжан Байтасов суретшімен келіспейді. Ол «Көкжайлау» ТШК құрылысын жақтаушылардың ішіндегі ең танымал медиатұлға. Forbes Kazakhstan брендінің иесі, дәл осы басылымның мәліметтері бойынша республикамыздың ең бай адамдарының бірі саналатын ол өзінің арнайы Informburo.kz берген сұхбатында техникалық-экономикалық негіздеменің егжей-тегжейі оған белгісіз екенін, өзінің жоба бойынша нақты қызметпен айналыспайтынын, жобамен айналысатын адамдарды білмейтінін айтты. Ол әкімдіктің жоба басшыларын тағайындайтынын және олардың барлық дайындық жұмысын әлдеқашан бастап қойғандығын түсінеді. Informburo.kz тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып, Байтасов мырза жобаның жақтаушысы және қоғам қайреткері ретінде өзінің осы жобаға қатысты пікірін білдірді.

Ол бұл жобада өзінің жеке немесе бизнес мүдделерінің жоқ екендігін, бұл жерде қонақ үй немесе көтергіш салуға ниетті еместігін айтты. Азамат ретінде, ол Көкжайлау туристік саланы дамыту үшін мол мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді, осының негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, қосымша салық салу базасы қалыптасады деп есептейді. Адамдар шетелден көптеп келе бастайды, осында өз ақшасын қалдырады. Бұл қаламызды дамытуға көмектесіп, оның тартымдылығын арттырады. Тау шаңғысын тебуді жақсы көретін адам ретінде ол әртүрлі курорттарда болған, бірақ тау шаңғысы курорттарының ешқайсысы экологияны бүлдіргенін көрмепті. Сұхбаттасушы, керісінше, олардың табиғат көрінісімен үйлесетініндігін алға тартты. Олар қоршаған ортаны қандай да бір тәртіпте бұзған жағдайда, не Францияда, не Австрияда, не Италияда мұндай курорттар мүлдем болмас еді. Арманжан Байтасов Көкжайлаудағы құрылысты қолдап сөз сөйлегендіктен, осы жобаға қарсы тұлғалардың сөздеріне жауап беруге мәжбүр болғандықтан, өзінің бұл тақырыпты жақсы білетінін және терең меңгергенін ашып айтты. Ол осы арқылы туристік саланың дамитынына және қырауыр қаражат әкелетініне кәміл сенеді. Егер бизнесті дұрыс әрі тиімді жолмен ұйымдастыратын болса, адамдар курортқа үздіксіз келетін болады. Тау курорты салынатын болса, бізге дені сау, таза ауада дем алуды жақсы көретін, салауатты өмір салтын ұстанатын туристер келе алады.

Арманжан Мерекеұлы Көкжайлау қаланың шетінде, үлкен әуежайдан бір аттам жерде тұрғанының өзі Алматының бірегей артықшылығы екеніне сенімді. Ол Тирольдің бұрынғы астанасы, екі рет қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Австриядағы Инсбрукты мысалға келтірді. Байтасов мырза бұл қала тау шаңғысы туризмінің арқасында дамып отыр деп есептейді. «Мұнда қаладан шыға салысымен-ақ көтергіштерге отыруға болады».

«Екіншіден, Алматы – бұл мәдени орталық. Адамдар шаңғы тебуге келгенімен, кинотеатрларға, мұражайларға, бұл жерде жүріп жатқан қазындыларға барып, тарихпен таныса алады. Бұл жерге курортқа келген адамдар біздің тамаша мейрамханаларымызға баруы, Ritz Karlton, Rixos сияқты қымбат отельдерде тоқтауы, жақсы шоппинг жасауы мүмкін. Бұл үшін бізде Louis Vuitton, Hermes, Prada, Gucci – көңілің қалағанның барлығы бар. Бұл брендтер тау шаңғысы туристерінің әжептәуір бай екенін білетіндіктен, Куршавель сияқты курорттарға өздерінің бутиктерін ашуға келеді. Олардың қандай мүмкіндіктері бар екенін түсінесіз бе?!», - деді қазақстандық миллионер. Сатып алу қабілеті жоғары мұндай қонақтар біздің дүкендерімізге жиі келетін болады! Осының нәтижесінде дүкендердің тауар айналымы артады. Мұның тау шаңғысы туризмін дамытуға септігін тигізетіні сөзсіз. Театрларға, мұражайларға, мейрамханаларға адамдар көбірек баратын, тауарларды көптеп сатып алатын болады – мұның барлығы біздің Алматымыздың дамуына жағдай жасайды.

«Негізгі коммуникация көздері – артық етпейді»

Нұров мырзаның айтуынша, Көкжайлауға 1002 га жер бөлінсе, соның 8 га аспайтын бөлігі ғана игеріледі: қалған жердің барлығы бастапқы қалпында қалады. «Трассаларды жобалаған кезде біз әрбір ағашты есепке аламыз, оны айналып өтуге тырысамыз», - дейді Almaty Mountain Resort директоры. «Біздің тарапымыздан игерілетін аумаққа 5 Сиверс ағашы кіреді. Тек қана бес ағаш! Біз олардың әрқайсысын айналып өтетінімізге уәде беремін! Енді… олармен не істейтінімізді білмеймін!», - деп Наиль Фаридович өз сөзін қызбалана аяқтады. Тау курортының құрылысы үшін шыршаларды шабуға келетін болсақ, «әрине, бізге бәрібір кейбір ағаштарды жоюға, олардың аздаған санын шабуға тура келеді. Нақты санын айтамын деп өтірікке ұрынбай-ақ қояйын. Бірақ біз әр ағаштың орнына кем дегенде үш ағаш егетін боламыз». «2011 жылғы дауыл 100 мыңға жуық ағашты құлатты, ал мұны біздің тарапымыздан шабылатын ағаштардың санымен салыстыруға келмейді», - деп еске сала өтті.

Наиль Нұров жол талғамайтын көліктердің курорт аймағына кіруіне жол бермеуге уәде берді: тек өрт қызметтері мен қоқыс шығаратын көліктерге арналған «техникалық» жол ғана болады. Оған тіпті асфальт төсеу де жоспарланып отырған жоқ. Ол жерлермен ешқандай жол талғамайтын көлік те, ешқандай машина жүрмейді және ондағы режим Шымбұлақтан да қатаң сақталмақ.

Наиль Нұров бұған дейінгі 2011 жылғы мегажобада 300 үй-жай мен 300 000 шаршы метрге жуық тұрғын үйдің құрылысы көзделгенін растады. Үй-жайлардың спортқа қандай қатысы бар еді? Наиль Фаридович күлді де, олардың спорттан гөрі инвестицияларға қатысы көп болғанын түсіндірді. «Аралас қаржыландыру сызбасы бойынша шығындардың бір бөлігін мемлекет төлейді. Ел бюджетінен бөлінген $450 млн қаржыны инфрақұрылым нысандарына, соның ішінде жолдарға, кәріз жүйесіне, сумен, газбен, электр энергиясымен қамтамасыз ету желілеріне, сондай-ақ арқан жолының құрылысына жұмсау жоспарланған еді. Ал көп бөлігін, нақтырақ айтқанда $800 млн (Наиль Нұровтың бағалауы бойынша 2/3 бөлігін) инвестор қаржыландыруы керек болатын. Инвесторлар «жарайды, біз жобаға қаржы салайық, бірақ бізге бұл қаржыны қайтару мүмкіндігін қамтамасыз етіңдер, тұрғын үй салуға мүмкіндік беріңдер!» деді. Көкжайлауда тұрғын үй салу идеясы осыдан туындады», - деп түсіндірді ол. Біздің сұхбаттасымыз инвесторлардың ішінен Сержан Жұмашовтың Capital Partners компаниясын атады.

Ағымдағы таңда ұсынылған қарапайым жоба аясында Наиль Нұров оны ұлттық, жергілікті халыққа лайықтап қайтадан жоспарлайтындығына және тіпті коттедждер құрылысынан бас тартатындығына уәде берді. Өйткені Шымбұлақтағы коттедждердің иелері бүгінде өздерінің жылжымайтын мүлкін нарықта өткізе алмай отыр. Оны сату қиынның қиыны: бағасы қымбат, сұраныс та жоқ. Теңіз деңгейінен 2500-300 метр биіктікте тұру «онша жақсы емес, мен мұны «Медеу» спорт кешенінің бұрынғы директоры ретінде айтамын», - деді Наиль Нұров. Кезінде оған дәрігерлер тек осындай биіктікте жұмыс істеп, өмір сүруге, немесе қалаға түсіп, «Медеу» СК Алматыдан телефон арқылы басқаруға кеңес берген болатын. Физиологиялық күйзеліске душар болмас үшін Наиль Фаридович мұндай биіктікке әрдайым көтеріліп-түсуден бас тартуды ұйғарып, жұмыс орнына жақын жерден үй жалдаған көрінеді. Ол Көкжайлаудың да теңіз деңгейінен 2500 м биіктікте тұрғанын ескере кетті.

Айталық, Ақтау қаласынан келген (теңіз деңгейінен 132 м төмен орналасқан қала) қазақстандық қонақты такси әуежайдан гондолаға 40 минуттың ішінде жеткізсе, сосын ол гондоламен бірнеше минуттың ішінде 2500 м биіктікке көтерілетін болса, бұл адам физиологиялық күйзеліске төтеп бере ала ма? Сұхбаттасушы «қалаға келушілер мұндай күйзеліске эмоцияның уытымен оңай төтеп беретініне» сенімді. Оның сөзіне сенсек, физиологиялық зерттеулер барысында адреналиннің климатқа оңай бейімделуге көмектесетіндігі дәлелденген.

Жұртшылықпен диалог өткізу кезінде Наиль Фаридович пен оның тобы әрдайым сынға тап болады. Ол өзіне тіл тигізуден тартынбайтын журналистер мен әлеуметтік желілердің қатардағы пайдаланушыларына ашуланбайды. Оның айтуынша, қоғамның өзіндік бағалауы мен бақылауы болуы тиіс, бірақ біздің қоғамда күмәншілдік басым. Сонымен қатар Наиль Фаридович оның өзіне және оның тобына белгілі бір дәрежеде, тіпті бизнес-қауымдастық шеңберінде қысым көрсетілетінін жасырмады. «Мынаны былай істейік, ананы былай істейік деп үнемі қандай да бір идеялар ұсынады. Әзірге төтеп берудеміз. Өзім мен  басшым үшін мынаны айта аламын: біздің «Б» жоспарымыз жоқ және біз оларға қарсы тұруға белді бекем буып отырмыз», - деп ойын түйіндеді Наиль Нұров.

Коттедждер салуға рұқсат бермейміз, жол талғамайтын көлікті жібермейміз, Сиверс алма ағаштарын айналып өтеміз, шабылған ағаш орнына ағаш отырғызамыз деген тамаша уәделермен көптеген күдікшіл адамдарды шынымен-ақ сендіруге болады. Бірақ әкімдіктегі кадрлар ауысқан жағдайда не болады? Айталық, егер жобадан Наиль Нұров кетіп, оның орнына басқа біреу келсе, инвестор өзінің ақшасын қайтарып алуы керек болғандықтан, ол жобаға өзінің түзетулерін енгізіп, коттедждерді де, жол талғамайтын көліктерді де бұрынғы қалпына қайтарса ше?

«50-100 жылдан кейін не болатынын біз тек қана болжай аламыз», - дейді Наиль Нұров. «Өзіме қатысты айтатын болсам, мен тек шын көңіліммен, ықыласыммен, өз тәжірибемді қолдана отырып жақсы жұмыс істеуге ниеттімін. Бұдан басқа не дейін? Қаланың болашақ басшысы туралы ештеңе айта алмаймын. Ал Байбек бұл жерге джип тұрмақ, мопедтің көтерілуіне де жол бермейді. Ол қолжетімді, табиғатты күтіп ұстау тетіктері қамтамасыз етілген, урбандалу деңгейі барынша төмен курорт құруға ниетті. Келіңіздер, көріңіздер және біздің сөзімізге құлақ түріңіздер!»

Қорық аймағында коттедждер салудан үзілді-кесілді бас тартқанына қарамастан, кейіннен біздің сұхбаттасымыз бізбен өте маңызды ақпаратымен бөлісті. Тұрғын үйлер бәрібір салынады: «компания 150 орындық екі спорттық үлгідегі қонақ үй тұрғызуды жоспарлап отыр». Наиль Нұров мұндай «минималды урбандалудың» жасырын жағын да ашып көрсетті: «Жоба бойынша келешек даму тетігі қарастырылады – біз ауқымды электр желілерін, сумен қамтамасыз ету және су бұру тораптарын салуды жобалаудамыз. «Негізгі коммуникациялық көздер – келешектің қамы».


Дереккөзі: informburo.kz