08:45, 15 Мамыр, 2018
496 просмотров

КӨКЖАЙЛАУДА ЕНДІ КУРОРТ ЕМЕС, ТАУ ПАРКІН САЛУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР. ОЛ 200 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ТҰРУЫ КЕРЕК

Көкжайлауды жайластыру құнын 200 млн АҚШ долларына дейін шектеу көзделуде. Жобаны дайындаудың өзіне 12 млрд. теңге қаражат жұмсалған.

Informburo.kz Көкжайлау тақырыбында бірнеше мақала жарияланғаннан кейін, Алматы әкімдігінде кеңес өткізіліп, бірқатар сарапшылар мен қоғам өкілдерін сотқа беру туралы шешім шығарылды, сондай-ақ алматылықтарға франциялық серіктестер ұсынған жобаның жаңа нұсқасы ұсынылды. Енді бұл «курорт» емес, «тау паркі» болмақ. Informburo.kz жаңа жобаның қандай ерекшеліктері бар екені және Алматыда осыған ұқсас бастамалардың немен аяқталғаны туралы хабарлайды.

Almaty Mountain Resorts (бұл Алматы әкімдігінің Жобаның құрылысының ТЭН-ін жасауға арналған конкурсты жеңіп алған компания) жобаның құнын атады. Компанияның директоры құрылысқа қарсы пікір білдірушілердің «еш ұялмастан бұрынғы жобаның ескі ақпараттарына сүйеніп, оларды басшылыққа алатындығын» еске салды. Ол бұрынғы $1,5 млрд. мөлшеріндегі деректерді «ескірген мәліметтер» дейді: «Біз Көкжайлау тау паркінің құрылысына $200 млн. аспайтын қаражат жұмсауға ниеттіміз. Бұл бүкіл жобаға арналған сома. Аталған көрсеткішті аспаннан алған жоқпыз: біз де ойланып, есептейміз, барлығын ескереміз. Бюджет қаражатының шектелмеген ресурсына қол сұғу біздің ойымызда жоқ. Біз мұның тау құрылысы екенін, бағаның құрылыс бастала салысымен-ақ асқақтауы мүмкін екенін жіті түсінеміз».

Ол қаржыландырудың ықтимал моделі туралы алғаш сөз қозғады. Курорттың құрылысын жүргізу үшін компания инвесторлар тартып, оларға тәуелді болудан толығымен бас тартуға дайын. Бұл жолы жобаны қала мен республика қаражаты есебінен жүзеге асыру ұсынылып отыр. Оның қандай үйлесімде болатыны туралы сұраққа Наиль Фаридович әзірге жауап беруге дайын емес. Жоба әлеуметтік сипатта: егер барлығын инвесторлардың қолына берсек (олардың табылатынына Almaty Mountain Resorts компаниясы сенімді), олардың баға саясатын бақылау мүмкін болмайды. Мұндайда жобаға қатысқан жеке кәсіпкер «мынаны мен салдым, сондықтан арқан жолдың құны мынанша, шаңғыны жалға беру құны мынанша» дейді. Кезінде Шымбұлақтағы жаңа баға саясаты бірқатар алматылықтардың наразылығын туындатып, кейбіреулер тіпті курортқа бойкот жариялаған еді.

Жоба бойынша инфрақұрылым нысандары, арқан жолдар, базалық бекеттер мен шаңғы мектебі толығымен мемлекет қаражатына салынады. Ал барлық коммерциялық алаңдар, соның ішінде мейрамханалар, кафелер мен жалға беру орындары жартылай көлемде ғана мемлекет қаражаты есебінен салынады. Сондықтан кейіннен осыған қатысты конкурс өткізіледі де, ең үлкен сома ұсынған тұлға мейрамхананы ұзақ мерзімдік басқаруға алып, оны Нұров мырзаның компаниясының келісімімен салады. Жобаның схемасы Алматыдағы Панфилов көшесінің серуендеу аймағына ұқсас.

«Көкжайлаудың құрылыс жүргізілетін ауданы онша үлкен емес. Кейіннен ай сайын, жыл сайын алынған тұрақты кіріс мемлекет пайдасына үстеледі де, ақшаны бюджетке қайтарамыз», - дейді Нұров мырза.

Өзінің француздық серіктестеріне Нұров мырза Панфилов көшесіне барып, оның әдемілігін тамашалап қайтуды сұрады. Ол алматылықтардың философиясына, біздің мәдениетімізге, біздің менталитетімізге толығымен сәйкес келеді. Almaty Mountain Resorts компаниясы 3000 метр биіктікте дәл осындай, дәл Панфилов көшесіндегідей нәтижеге қол жеткізуге ниетті. Көкжайлау – бұл үлкен әрі қонақжай алматылық жанұяға арналған орын, бұл жерде шаңғы теппесең де, серуендеуге келіп, қонақтарды әкеліп, шай ішіп қайтуға болады. Бұл Куршавель емес, спорт стадионы емес.

Логистикаға келер болсақ, Almaty Mountain Resorts компаниясының басшысы Байтұрсынов пен Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы, Орталық стадионнан автобустар қатынайтын аялдаманы қайта іске қосуды жоспарлап отыр: осы жерден «Медеу» мен Көкжайлауға арнайы маршруттар жүретін болады. Бұл жерден шыққан автобустар Абай даңғылымен, бұдан кейін Достық даңғылымен (ол жерде де «арнайы жолақ» бөлу жоспарланып отыр) «Медеуге» дейін 15 минуттың ішінде-ақ жетуге болады. Сұхбаттасушы «Медеу» мұз айдынынан Достық даңғылымен төмен қарай жеке автокөліктің қатынауына тыйым салу туралы ойын білдіріп отыр. Бірақ тыйым салу белгісінің бұрынғы экологиялық бекет немесе Бутаковка тұсынан, әлде Royal Tulip бес жұлдызды мейманханасының жанынан қойылатындығы әлі ойластырылмаған.

Бір қызығы, Нұров мырза Алматы қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Әділхановтың 500 мың еуро тұратын ұзын (18 метрлік) электробусының тағдыры туралы ешнәрсе білмейді екен. Алдымен оны Медеу бағыты бойынша жүргізуге уәде берілгенімен, артынан экологиялық таза қозғалыс құралын зарядтау үшін қосалқы электр станциясының жоқ екені, ал оның құрылысының тым қымбатқа түсетіні анықталды.

Көкжайлау түгелдей велосипед жолдары мен жаяу жүргінші жолдарымен жабдықталып, онда жасырын әрі ландшафтпен үйлесім тапқан заманауи дәретханалар болуы тиіс. Көкжайлауда көлемі ең болмағанда хоккей қорабымен бірдей, салқындату жүйесімен жарақтандырылған жасанды шағын мұзда сырғанау алаңы пайда болуы тиіс. Сырғанақ ашық, бүйірсіз дизайнда жасалып, одан қала көрінетін болады. Сіз сырғанақ тебесіз, ал көз алдыңызда екі миллион тұрғыны бар қала жатады. Дәл сол жерде кафе де болады, ал жазда бұл сырғанақ би алаңына айналады.

Тыныштықты сақтау мәселесі қалай болмақ? Өйткені жалға алушылар жабайы табиғат аймағының қол тимеген қалпын отандық эстрада хиттерімен жаңғыртады ғой!

«Бұл басқару мәселесі, – дейді Наиль Нұров. – Біз бірнәрсе түсіндіре бастасақ, өзімізді тығырыққа тірейміз. Мұны басқару тетіктерін табуға тырысып көрейік, шу жүктемесінің стандартын белгілейік, мұны мәслихаттың талқылауына ұсынайық. Біз шектік рұқсат етілетін шу нормасын белгілеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Бұл көрсеткіш көшеде 45 дБ, қалада 55 дБ құрауы тиіс. Көкжайлау паркі тыныштық аймағы болуы керек.

Парктің аумағында жоба шеңберінде, аздаған көлемде шабылуы мүмкін Қызыл кітапқа енгізілген ағаштар отырғызылатын жер міндетті түрде пайда болады. Олар бір жерде шоғырландырылып және олар үшін жайлы жағдайлар қалыптастырылып, сақталатын болады.

Сонымен қатар компания Көкжайлаудағы құрылысқа қарсы шыққан Абай Ерекенов пен Андрей Старковқа қарсы сот ісін жүргізуге арызданбақ. Нұров мырза үшін прецеденттің болуы маңызды. Сотта компания қарсы пікір білдірушілерден айтқандарын теріске шығаруды және қателіктерін мойындауды талап етеді. «Біз оларға өтірік айтып отырған жоқпыз деп шештік, ал біздің қарсыластарымыз бұдан бас тартар емес. Біз бұдан бас тарқанымызбен, олар бас тарта алмауда».

Informburo.kz журналисі Нұров мырзаға мұндай сот үрдісінің қандай да бір жобаның бастапқы нұсқасының (нобайдың, жобаның, фантасмагорияның) дәл сондай екінші бір нұсқамен қақтығысы болып көрінетінін айтты. Көкжайлаудағы құрылыс жобаларының саны бірнешеу: 2001 жылғы, 2011 жылғы жоба, енді 2018 жылғы жобаны күтудеміз, бұған қоса 1985 жылғы жоба да бар. Бірақ Нұров мырза оның қарсыластарының оған құлақ түрмейтініне, бұрынғы, ескірген ақпараттарды пайдаланатынына, осының салдарынан қоғамның жобаны қабыл алмай отырғанына наразы. Ол «Көкжайлауды неге аздаған адам ғана пайдаланып, қарттар мен балалар, сондай-ақ мүгедектер мұндай мүмкіндіктен қағылуы керек», дейді.

Бүгінге дейін қанша ақша жұмсалды

«Біздің кәсіпорнымыз 7 адамнан құралған. 200 млн теңге бізге ТЭН дайындау үшін бөлінді, біз конкурста жеңіп шықтық. Оны 15.06.2018 жылға дейін аяқтау керек болды. 2014 жылы ТЭН мен ЖСҚ дайындауға жұмсалған 3,5 млрд туралы да айтуға болады», - дейді Нұров мырза. Компанияның басшысы Informburo.kz өкілдеріне «Көкжайлау» жобасына бөлінген қаражат бойынша Түсініктеме жазба ұсынды (редакцияда құжаттың суреті бар). Кестенің қорытынды жолында 12 157 132 480 теңгені құрайтын сома көрсетілген.

«Көкжайлау» тау курортының жобасын дамыту мақсатында 2012 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) мен жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) дайындау үшін 3 499 900 480 теңге бөлініп, ол толығымен игерілді. 2017 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде техникалық-экономикалық негіздемені өзгерту үшін қосымша 195 664 000 теңге қаражат бөлінді. ТЭН мен ЖСҚ дайындау үшін бөлінген жалпы сома 3 695 564 480 теңгені құрайды. Курорттық аймақтағы электр энергиясына деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін «Көкжайлау» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатыр, осы мақсатта 2014 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта 4 796 699 753 теңге қаражат игерілді.

Наиль Фаридович өз еңбекақысының көлемін жасырмайды: «650 000 теңге. Осымен болды. Бізде өте қызық модель қолданылады: кеңсе жабдықтарын өзім сатып аламын, өз кабинетімді жинауға да, жүргізушіге де өзім ақы төлеймін, өз машинамның шығындарын да осы еңбекақы есебінен беремін. Міне, осындай модель. Шынымды айтсам, бұл маған онша ұнамайды (күлді). Енді шаңды өзім сүртсем бе екен? Иә, бәлкім, олай да болатын шығар. Бірақ қайткенде де бұған статусым мүмкіндік бермейді».

Қала тарихында осыған ұқсас қандай жобалар болды

«Көкжайлау» жобасы бойынша ұйғарылып отырған (осымен қатарынан 17-ші жыл) мемлекеттік-жеке серіктестіктің табыстылығы мен экологияға зиянсыздығын, мемлекет пен жеке бизнестің «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені ауданындағы ірі жер телімін игеру үлгісіне сәйкес етіп, бағалауға және болжауға болады.

Көкжайлау жағдайы секілді, Қазақстанның атақ-абыройы, шетелдік туристерді тарту, қала тұрғындарының игілігі үшін, салауатты өмір салтын насихаттау секілді жақсы идея мен көптірме ұрандармен Алматы қаласының басшылары Ремизовка ауданындағы беделді Әл-Фараби даңғылынан кішкене жоғары тұрған осы тау бөктеріне ауыр құрылыс техникасын әкелген еді. Бұл жерде шаңғышыларға арналған трассалар салды. Универсиада үшін бұралаң тау жолын салу техногендік сипаттағы төтенше жағдайға айналды: тау шөгіп, жылжи бастады, автомобиль жолдары мен алматылықтардың үйлерін көшкін басты, құрылыс салдарларын жою үшін ТЖ күштері тартылды.

«Сұңқар» жобасы

Универсиада-2017 дирекциясында басты тұлғалардың бірі болған Нұров мырза бұл оқиғаның анық-қанығын біледі. «Cұңқар» шаңғы-биатлон базасының жобасы толығымен Алматы әкімінің (ол кезде – Ахметжан Есімовтың) спорт мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, ЦСКА клубының көп жылдар бойғы бұрынғы басшысы генерал-майор Павел Новиковтың идеясы. Павел Максимовичтің күйеу баласы – ҚР Трамплиннен шаңғымен секіру және шаңғы қос сайысы федерациясының президенті. «Бәлкім, бұл жерде шынымен-ақ біреудің мүдделері көзделген шығар», – дейді Нұров.

«Шындығын айтайын, менің ойымша, бұл алаяқтық болмаса да, ақылға салып, ойланып істелген іс болмады.... Ақбұлақта «Алатау» шаңғы-биатлон стадионы бола тұра, жаңадан құрылыс жүргізудің не қажеті бар еді? Жарайды, шешім қабылданды делік, бірақ оны кейіннен лайықты түрде жүзеге асыру керек еді ғой!» – деп шағымданды Наиль Нұров. – Жердің жоғарғы қабаты шаңғы-роллер трассасына қарай жылжып барады. Беріктеу торлар орнатып, бұталар мен ағаштар отырғызу керек еді ғой. Бұл трасса осымен құрып кетпейді деген үміт бар, бәлкім оны қалпына келтіруге болатын шығар».

Шаңғы трассасы құрылысының басты бастамашыларының бірі болған Павел Новиков осыған қатысты жауапқа тартылды ма? «Павел Максимыч бұрыннан бері «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» азамат ретінде белгілі. Бүгінде ештеңе болмағандай өмір сүруде».

Наиль Фаридович өз шағымын одан әрі жалғастырып, «шынымен-ақ, бұл іс орын алмағанда, байбалам салудың қажеті де жоқ еді. Алайда Новиков мырза мен Алматы әкімі Бауыржан Байбекті ешқашан салыстырмас едім. Көзқарастары да, ынталары да мүлдем өзгеше», - деді.

Көкжайлауды қорғаушылардың бірі Абай Ерекенов бүгінде дәл сондай тау шаңғысы трассаларының бар екенін, оларға аз ғана қаражат құйып, қалпына келтірсе жеткілікті екенін айтты. Кеңес уақытында Іле Алатауының бөктерінде, нақтырақ айтқанда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінде тәрбиеленушілердің тау шаңғысы спортымен айналысуына мүмкіндік беретін жерлерде спорт базалары тұрғызылған болатын. Егер девелоперлік жоба туралы емес, шынымен-ақ спорт туралы сөз қозғайтын болсақ, оларды қалпына келтіру әлдеқайда арзанға түседі. Бұл үшін мыңдаған шаршы метр тұрғын үй мен қонақ үй салудың, таудың баурайын тілгілеудің қажеті жоқ. Көтергіштерді жөндесе, шаңғы трассаларын жайластырып, адамдар шай іше алатын минималды инфрақұрылым нысандарын тұрғызса жеткілікті. Бұл нысандардың барлығы (мәселен, Бутаковкадағы бұрынғы «Динамо» тау шаңғысы базасы) қорықтық аймақтардан, ұлттық парк шегінен тыс, қала шегінде немесе қалаға жақын жерлерде орналасқан.

Үлкен Алматы көліне апаратын бұралаң тау жолы

Жоғарыда аталған «Сұңқар» кешеніндегі бұралаң тау жолы мемлекеттік тұлғалардың қолымен салынғанына қарамастан, тап осы трамплиндер кешенінің етегінде жеке бизнес әлдеқашан қанат жайып үлгерген. Алайда «Esentai City: қала ішіндегі қала» девелоперлік жобасы тағы да жанжалдың туындауына себепші болды. Бұл жобаның басқарушы компаниясы Parmigiano Group «мегаполистің таңдаулы асханаларында қазанның қақпағын ұстаған» компания ретінде белгілі. Ол көлемі 23 га асатын жер телімінде көп функциялы, офис, қонақ үй кешенін тұрғызуды мақсат етуде. Қалаған барлық адам үшін бұл жерде шаршы метрінің бағасы 650 000 теңге болатын жылжымайтын мүлік сатып алу ұсынылуда. Жобаның бас сәулетшісі Роландас Ключинскас өзінің потенциалды клиенттеріне көпірме сөздерімен былай дейді: «Біз жан-жақты ойластырылған сәулет жобаларын құру арқылы Алматы қаласының көркін өзгертеміз. Осыған байланысты біз Esentai City идеясын, яғни қазіргі заман адамының өмір сүруіне жайлы кеңістік саналатын қала ішіндегі жаңа қала салу идеясын жүзеге асырмақпыз. Біз қазіргі заман адамының қажеттіліктеріне сай – ауқымы, бөлшектері мен эстетикасын ескеретін жаңа қала салудамыз». (Түпнұсқаның орфографиясы мен пунктуациясы сақталған. – Авт.)

Құрылыс шамамен бір жыл бұрын, нақтырақ айтқанда құрылысшылар мемлекеттік органдарға тиісті хабарлама жіберген сәттен басталды. Алайда бұл аумақ таяуда Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің қорғалатын аймағына кіруі тиіс еді. Бүгінде құрылысшылар арнайы ауыр техниканы қолдану арқылы бұрынғы «Горный гигант» кеңшарының алма бақтарындағы ағаштардың тамырын шабуға кірісіп кетті. Әлеуметтік желілердегі бейнежазбалар көбісінің наразылығын туғызды. Құрылысшылардың қолында мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы да, құрылыс жұмыстары кезеңінде қоршаған ортаға шығарылатын заттарға қатысты рұқсат қағазы да жоқ болып шықты. Мемлекеттік органдар екі рет әкімшілік айыппұл салып, қоршаған ортаға келтірілген зиянды (сәйкесінше 226 900 және 1 682 441 теңге мөлшерінде) өтеу туралы талап қойған екен. Тәртіп бұзушылықты жою туралы ұйғарым жобаның тікелей орындаушылары «AV-Construction» ЖШС-на берілген көрінеді.

Informburo.kz журналисі Қазақстанның ең бай адамдарының бірі әрі Көкжайлау тауындағы құрылысты жақтаушы Арманжан Байтасовтан тау курортының құрылысына қатысты пікірін айтуды және оны тау бөктеріндегі дауға қалған құрылыспен салыстыра сипаттауды сұраған еді. Арманжан Мерекеұлы өзінің Parmigiano Group компаниясына ешқандай қатысы жоқ екенін, тек оның мейрамханаларына ғана барып тұратынын айтты. Алайда Байтасов мырза мейрамханалар желісінің негізін қалаушы адамды жақсы біледі екен. Дәл осындай бұзушылықтар қайталанбай ма деген сұраққа ол «Көкжайлау жобасы шеңберінде мұндай бұзушылықтар болмауы тиіс, өйткені бұл жоба жұртшылықтың жіті назарында», - деп жауап берді. Мұның жақсы екендігі сөзсіз.

«Жалпы алғанда, мен тау шаңғысы курортының құрылысына қарсы адамдардың сөздеріне оң көзбен қараймын және олардың мұндай әрекеттері жобаның дамуына оң әсерін тигізеді деп есептеймін, осының арқасында жоба одан да сапалы бола түседі, әрі жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін әртүрлі пікірлерге мұқият құлақ асқан жөн».


Дереккөзі: informburo.kz