10:00, 17 Шілде, 2018
407 просмотров

ЖАЛҒАН КЕЛБЕТ ҮШІН ҰПАЙ

Каталониялық болып, «Барсаға» жанкүйер болған қандай жақсы. Онда шабуыл өтінде Месси жүреді. Сондықтан, кез келген қарсыласпен кез келген ойынға сенің командаң кәнігі фаворит болып шығады.

Ал сен Камышиннің «Текстильщигіне», әлде ФИФА рейтингінде Свазиленд, Либерия және Тайбэйден кейінгі 135 орынды иеленетін біздің құрамамызға жанкүйер болып көр. Мен Свазиленд пен Либерияға қарсы ештеңе айта алмаймын, бірақ Тайбэйден жоғары тұруға болар еді ғой.

Әрине, олар кінәлі емес – мен футболшылар туралы айтып отырмын. Елде өзінің премьерлері бастаған екі министрлер кабинеті «абақтының табалдырығын тоздырып» отырса, құрамаң қалайша басқа құрамалардан жақсы ойын көрсетсін. Көрсете алмайды - ол мүмкін емес.

Байларды жек көріп, кедейлердің пайдасына болысқан жақсы. Тіпті кедейлердің бірінің баласы байдың баласын соққыға жығып, ақшасын тартып алса да. Содан кейін ол ұсталып, ата-анасы мектепке шақырылды. Олар бұлтақтағанымен, ақшаны қайтарды делік. Бәрібір оқиға куәгерлерінің басым бөлігі кедейдің баласына жақтасып, тіпті іштей оны мақтап тұрады.

Өмірде қарсыластық тарихы созбаққа салынуы салдарынан бір тараптың ә дегеннен-ақ екінші тарапқа ұтылып қалатын жағдайлары жиі орын алады. Осы созбаққа салу бұлыңғырында барлық бізге таныс айыптаулар жойылып кетеді.

Мұнда айыптаушылардың жағында болған жақсы, себебі олар психологиялық басымдыққа ие. Сондай-ақ олар тарихи шындыққа сүйенеді деп айтуға болады. Сондықтан олар көрінеу тиімді жағдайда және олардың барлық көпірме сөздері дәстүрлі сызба бойынша құрылады.

Оны қалың жұртшылық естиді және дұрыс түсінеді. Ең бастысы – қажетті реакцияны туғызады.

Исламды қорғап, Құранның атын жамылған жақсы. Тіпті егер сен имам рұқсат берді деп өз әйелің мен балаларыңды ұрсаң да. Тіпті қалай ұру, немен ұру, қай күндері және қандай теріс қылықтары үшін ұру керектігін үйретсе де. Құранды бүгінде көптеген адамдар террор, делқұлылық және зорлық-зомбылық әлеміне абонементке айналдырып отыр.

Ал тағы...

Әсіресе, егер бұл сізге қатысты болмаса, өлім жазасына қарсы шыққан жақсы.

Тағы да, сізге қатысты болмаған кезде, эвтаназияға қарсы шыққан жақсы.

Мен мұның барлығын неге айтып отырмын?

Мәселе мынада...

Жақында мен «экологиялық талибан» деген жаңа сөзді естідім. Бір нәрсені қорғаумен айналысатындар осылай аталады. Не әлде біреуді қорғайтындар. Мысалы, қардың еруіне қарсы күресушілер немесе лемур лориді қорғайтындар. Кейде бұл іс бойынша, кейде тапсырыс бойынша, бірақ көбінесе жай – қолы бостықтан болады.

Іс-әрекеттер тетігі қандай?

Мәселен, біреу көк киттерді құтқарумен айналысуға шешім қабылдады делік. Ол ең алдымен қандай шара қабылдайды? Ол бірінші кезекте өзінің серіктестерін іздей бастайды. Әйтеуір бір жолмен сізге хабарласады. Көк киттердің жағдайының нашар екендігін: олардың өлтіріліп, олардан консервілер жасалып жатқанын айтады. Сіз оны бірден «қолдайсыз».

Сіз өлтірушілікті қолдап дауыс бермейсіз ғой? Тіпті егер сіз бұл көк киттерді ешқашан өз көзіңізбен көрмесеңіз де. Олар онда-мұнда, мұхиттарда алаңсыз жүзіп жүрсе де. Ал сіз мұнда қандай да бір жайлы дәмханада ноутбуктың алдында кофе ішіп, құтқаруға арналған үндеуге өз лайкыңызды қойып отырсыз. Greenpeace мүшесі болып табылмасаңыз да, бойыңызды бірден өзін-өзі сыйлау сезімі кернейді.

Содан кейін бұл іске әртүрлі сарапшылар, экологтар, экономистер, ғалымдар, заңгерлер, журналистер тартылады да... абыр-сабыр басталады.

Егер сіздің барлық тұрмыстық, мансаптық, отбасылық және өзге де мәселелеріңіз шешілсе және жеткілікті бос уақытыңыз болса, жақсы. Ал егер сіз бұған қоса іскер тұлға болсаңыз...

Енді олардың кез келген теріс әрекетін және кез келген қылығын ақтауға болады. Ендігі ілімді өзінің мәнеріне бейімдеп алған адамдарды иландыруға әрекеттеніп көр. Сені автоматты түрде өнегесіздік пен дәнсіздік апологеттерінің қатарына қосып жібереді.

Жалпы, негізінен, егжей-тегжейлі түсіндірмелерді қажет етпейтін жағдайға қарсы әрекет еткен жақсы. Бұл бүкірдің бүкірлігін немесе ақсақтың ақсақтығын бетіне басқанмен барабар. Мұнда бәрі көрнекі және айқын. Оларға қалай қорғану қажет? Қалай ақталмақ керек? Не айтуға болады?

Әділ қызметшіге, егер ол МАИ немесе кеденде жұмыс істесе, мундир арын қалай сақтау керек? Қызметтік мантия кигенде судьяға әділетті көрінуге қалай тырыспақ керек? Ауыл мұғалімі өзінің кедейлігін жасыруды қалай үйренуі тиіс?

Сонда сіз транспаранттармен көше шоуларын ұйымдастыру, ескерткіш-тақтаның айналасында әндетуші топқа жол бастау болсын өзіңіздің бос әзілқойлығыңызға ерік беруіңіз және бұл әрдайым халықтың атынан сөйлеуіңіз мүмкін.

Осы тұрғыда сізге бұған өкілеттік бермеген халықтың атынан сөйлей аласыз. Мұнда ең бастысы – қолайлы объектіні табу. Яғни – тақырып. Сөйтіп бір сәтте сіз өзіңіздің жалғыз емес екеніңізді байқайсыз. Өзіңізге ерген тұтас қозғалыс. Қалың топты көресіз. Сізге қызық болды. «Керемет!» (Бұл сөзді жек көремін.) Көңілді әжуаласып, көп лайк жинап алуға болады.

Соңғы уақытта «халық атынан» «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының құрылысына қарсы шығушылар қатары көбейіп отыр, бұл ретте олар болашақ құрылысшыларды жемқорлыққа жол береді және табиғатқа тағылықпен қарайды деген айыптар тағуда.

Алдымен, әдеттегідей, ұран тасталды. Оның бірден іліп әкетіп, толқуға ұластырды. Мақсаты қарапайым қарадүрсіндікке дейін: назар аударуға себеп бар. Бірінші кезекте– өз-өзіңе көңіл бөлу. Келісерсіздер, жұмыс істейтін адамның мұндай істермен айналыспаса керек. Өйткен оған уақыты жоқ. Мұнда, негізінен «көрініп қалуға» артық сылтау іздеп жүрген сандалбайлар керек. «Көпшілік көрініс» қажет. Олардың ортасында ұрымтал тұста «көсемдері» тұрады. Біздің басынан бұлт кетпеген Сорбұлақ бұл тұрғыда көптеген қазіргі қайраткерлердің мансапта өсуіне жол ашты.

Есеп, әрине, дұрыс. Әсіресе тегіңді пайдаланған жақсы, әрине егер ол атақты болса. Бұл ретте ата-бабаларымыздың ел есінде қалар ісі маңызды емес.

Олардың ұлы көлеңкесінің шұғыласының бүгінгі азап шегушінің бейнесін қарайтыңқырап тұрғаны маңызды. Сондай-ақ сіздің қазір қандай іспен шұғылданып, өз өміріңізді неге арнағаныңыз – өзіңіздің бұл текті әрі қарай мадақтап жүрсіз бе немесе оны пайдаланып жүрсіз бе, ол жағы соншалықты маңызды емес. Бұл менің әжем айтпақшы «шешнадцатый» сұрақ.

Аз-кем елеулі істерге араласып, нақты ештеңемен айналыспаған жақсы. Айналадағы барлық адамдарды ар-ожданға, азаматтық өзіндік санаға үндеу және бұл ретте ешқандай жеке жауапкершілікті көтермеу де жақсы.

Жалпы өз халқыңа деген сүйспеншілікте жарыс ұйымдастыру және бұл ретте аты шулы акцияларды өткізу де жақсы. Ауықымдырақ. Ол үшін әлеуметтік желілерде қоқсытып, әшкерелегіш суреттер салу, дөрекілік іздерін іздеп табу, әртүрлі «әшкерелеу материалдарын» жинау керек.

Нәтижесінде кімнің ісі аты шулы болса, сол көбірек жақсы көрінеді. Менің айтайын дегенім халық хақында.

Сонымен қатар біраз уақыт бұрын 1951 жылы, шамамен сол биіктікте, нақ сол таудлың көршілес баурайларында әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны салынған болатын. Одан сәл жоғары және сәл кейінірек - Шымбұлақ курорты бой көтерді. Бұған дейін онда ну ормандар қарауытып көрінетін. Сөйтіп сол кездегі шешім қабылдағандардың бірі тұрғындарға сыйлық жасауды ұйғарды. Және - сыйға тартты да. Ұлттық брендке айналған екі тамаша объект.

Қуанышқа орай (немесе өкінішке орай?) сол жылдары «жасылдар» болмады. Қалай болғанда да – шулы. «Гринпистер» болған жоқ. Жанашыр қорғаушылар да болмады. Бос айғайшылар да болған жоқ. Барлық істен босамады. Біреу оқып, енді біреу жұмысбасты еді.

Міне сол жылдары даңғырамен шоқы басына шығып көр. Сол жерде сені қасында санитарлары бар «сақшы» келіп даңғыраңмен бірге нақты мекенжайға алып кетер еді. Содан кейін әлдебір жындыханада көркемөнерпаздар ансамблінде «көктемгі күн күркірі партиясын» орындап жүрер едің. Өйткені ол кезде билік басында коммунистер партиясы тұрды. Ол даңғырашылар мен сырнайшыларды жаратпайтын және транспаранттардағы жазуларға аса іштарлықпен қарады. Оның мүшелерінің қатарында тегі аты шулы және өте атақты біздің әкелеріміз бен аталарымыз да болды. Мұны олар тұрғызды. Сөйтіп бізге мұра етіп қалдырды.

Ал тағы...

Қазіргі атақты француз Куршевелі және итальяндық Доломиттер, австриялық Бад Гаштайн және швейцариялық Санкт-Мориц тұрған жерде... Бір кездері ол жерлерде де ормандар қарауытып, жартасты таулар көрініп тұрды. Ендігі ол жерлерге бүкіл дүниежүзінен адамдар демалуға барып келіп жүріп. Туристер. Қомақты қаражат жұмсайды. Алайда мұның барлығы ескерілмейді және есепке алынбайды. Мейлі, оларда барлығы әдемі және адамдар үшін жасалған деп есептеледі. Бірақ бұл біздің жолымыз емес.

Сонда: біздің адамдар – екінші сұрыпты ма? Біздікілер лайық емес пе? Бізге курорттар қажет емес пе? Бізге керегі адам қолы тимеген таулар ма, демалыс күндері кемінде жүз адам қайда бармақ? Жә, бес жүз бе? Денсаулығы мүмкіндік беретін және бос уақыты барлар осындай биіктікке өз бетінше көтеріле ме?

Егер ол жерлерге арқанды жол жүргізіп, соқпақтарды жақсартса, орындықтар мен урналар қойып, дәретханалары бар қонақ үйлер салынса жаман болады...

Әлдебір бірбүйір пәлсапа болып шығады. Әлдеқандай қыңыр бір пәлсапа. Ақиқатын айтар болсақ, онда сіздер маған біздің қолтума гринписшілеріміздің шынайылығына сенуге бір нәрсенің кедергі келтіретінін білесіздер. Ол таудағы әндер мен билер сүйемелдеген осы акциялардың барлығы, қарғыс айтылған бұл бақсылық флешмобтардың бәрі...

Мұның барлығы оғаш әрі күлкілі көрінетіндей. Нағыз Greenpeace - бұл, ең алдымен, үлкен бизнес екенін мен түсінемін. Онда қыруар ақша айналымы бар. Бізде әзірге бұл билердің барлығы ақшаға айналмайды, тек моральдық дивидендтер әкеледі. Бірақ бұл әйтеуір бір капитал. Пайдаға асуы мүмкін. Тағы бір ой көңіл жылытады: біреуге үлкен істі атқаруға кедергі жасап, адамдарға мереке ұйымдастыру.

Бізде мынадай сөз бар: «Еріккен сарт енегін уқалайды». Мұның ең ұяң аудармасы – «Чем бы дитя не тешилось...». Қазақшасы, шындығында, дәлірек айтылған және көбірек сәйкес келеді. Есесіне, орысшасын да бір дана өте дәл тауып айтқан екен, яғни бақытсыз қоғам оның қайраткерлерінің санымен анықталады. Олар неғұрлым көп болса, қоғам соғұрлым бақытсыз.

Бізде қоғам белсенділері болып танылуға, барлық уақытта жұрт назарында жүруге және ұстанымы үшін ұпай алуға тырысатын адамдар тобы бар. Дей тұрғанмен– жоқ. Дұрыс емес.

Ұстаным - бұл бір басқа да, ал жалған келбет – мүлдем басқа нәрсе.

Ұстаным – бұл адамның өзінің бүкіл алдыңғы өмірбаянынан туындаған, мехнатпен қол жеткізілген өмір жолы. Бұл, ең алдымен, наным. Қағидаттар. Ұстанымы үшін адамдар дарға да кесілген.

Ал жалған келбет... Жалған келбет – бұл актуалитетке деген құрмет. Сән сықылды бірдеңе. Не мысқыл. Ыңғайға қарай бейімделу керек болғанда. Сәт конъюнктурасы. Жасандылық. Сахнаға шығуға құлшыныспен ынталану. Бұл жағдайда: Көкжайлауға қарсы шығып – жалған келбет үшін ұпайға ие бол. Қолдап дауыс бер де – жаппай айтаққа ұшыра.

Ал мен қолдап дауыс беремін. Мен мұның өзіме нендей қауіп төндіретінін түсінемін. Менің басым қаншама дауға қалатынын да білемін. Бірақ мен де өзімше тыныш және артық шалқымасыз, бұл қаланы, бұл жерді жақсы көремін, сондықтан да қайдағы бір «америкаларда» қалып қоймай, қайтып оралдым. Бұл тауларды жақсы көремін. Осында тұратындарды, менімен бірге жүргендерді және ортақ іске тілектес адамдарды жақсы көремін. Мен «халықтың атынан» шығып тұрған жоқпын.

Менің тек өзімнің атымнан сөйлеймін. Жеке өз басым. Курорттың құрылысы төңірегінде көтерілген шуға қатысты мен айтқым келгені - жоқ, жігіттер. Мұнда мәселе Көкжайлауда емес. Құстар мен қар барысында емес. Ағаштарға және шөптерге қатысы жоқ. Ақпаратты «қажетті тұрғысынан» бермеу керек. Мәнмәтіннен үзіп алудың керегі жоқ. Ақиқатты анықтағысы келген адам дабыл алып тауға сүйретіліп бармайды.

Мұнда мәселе мүлдем басқа. Әйтпесе, мұндай есірік, дүрлікпешілік болмас еді, айыптауларсыз, тіл тигізусіз, балгерлермен билемей және өзге де бос бекершілікке бой ұрмай әркімнің өз көзқарасын білдіруіне мүмкіндік беретін салмақты, салиқалы диалог болар еді. Қуақылыққа салынбай, өзара бір-бірінің пікірін тыңдаған маңызды. Бірақ құлақ асу және түсіну тиімсіз. «Мысқылдамайды». Сондықтан – дабыл.

Мен әкімдіктің долбар жау екенін түсінемін. Үкімет те. Онда отырғандардың бәрі оңбағандар, қазына тонаушылар мен пайдакүнемдер. Ал құрылысқа тапсырыс алғысы келетіндердің де оңып тұрғаны шамалы. Бұл гоп-ұйымдар бұрыннан бері бәрінің ығыр қылды. «Көкжайлау» курортын жақтайтындар да солармен бірге: олар әзізілге еріп, ар-ұжданын мәмілеге тікті, олар ақсақ, бүкір және жуан адамдар...

Көпірме сөз миллион мәрте жайылды. Алайда, белсенділер деп аталатындардың жан-жақтан жамыраған шуы таза дауыстарды басып тастады. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас. Шырылдаған жанайқайыңды ешкім де тыңдамайды. Мәселе мылжыңданып кетті.

Бұл өмірде жиі кездесетін жайт бар, ол біреудің бірнәрсе құруға тырысатындығы. Жасауға. Тырысады. Ырсылдап алқынады. Ал әлдебіреу қасыңда тұрып алып: «Қараңдар-қараңдар, анау не істеп жатыр!», - деп айқайлайды.


Дереккөзі: Forbes.kz