10:01, 17 Шілде, 2018
765 просмотров

2300 МЕТР БИІКТІКТЕГІ ПАНФИЛОВ КӨШЕСІ

Әрмезгілдік Көкжайлау курортының жаңартылған тұжырымдамасының негізгі авторларының қатысуымен өткен баспасөз конференциясына спикерлерге сұрақтарын қоюға ниеті бар бірталай адам жиналды. Осы орайда, іс-шараның басты қатысушылары журналистерге жобаны дайындау үшін бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғандығын, ал белсенді топ өкілдеріне - 2012 жылдан бастап шатқалдың неліктен игерілгендігін айтып берді.

Almaty Mountain Resorts бас директоры Наиль Нұров сөз басында жиналғандарға курорттың техникалық экономикалық негіздемесін таныстыру 15 маусымға жоспарланбағанын, «асыққылары келмейтінін» хабарлады. Оның айтуынша, маусым айының ортасында дайын құжат электронды түрде курорттың жаңа сайтына шығарылады, онда барлық дәмелі тұлғалар өздерінің пікірлерін, ұсыныстары мен бағалауларын қалдыра алады. Қажетті өзгерістер енгізілген соң, шамамен 2018 жылдың тамыз айының ортасында «мүлдем жаңа форматтағы» қоғамдық тыңдау шаралары өткізіледі, - деп түсіндірді Нұров.

Тікелей жоба туралы сөз барысында компания басшысы Көкжайлаудың тек тау шаңғысы курорты болмайтынын тілге тиек етті. Жобаны дайындаушылар ол Қазақстандағы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес салынуы тиіс алғашқы әрмезгілдік  тау курорты болады деп есептейді. Осы орайда, Нұров қалада 2017 жылы салынған жаяу жүргіншілерге арналған көшенің сәтті жоба болғандығын ескеріп, Көкжайлаудың «2300 метр биіктіктегі Панфилов көшесі» ретінде жоспарланғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ жоба авторлары көрікті шатқалды күн сайын шамамен 5 мың қонақ келе алатын «сәнді орынға» айналдыруға «міндетті» екендіктерін жеткізді. Нұров, оның командасы бүгінгі таңда курортқа келушілердің 60%-ын Алматы қаласының тұрғындары, 20%-ын Қазақстанның басқа өңірлерінен келгендер, қалған 20%-ын шетелдіктер құрайтындығын басшылыққа алып отырғанын айтып өтті.

Спикер Көкжайлаудың көлік тұрғысынан қолжетімділігі мәселесіне жеке тоқталып, шатқалға дейін Медеудегі базалық станциядан аспалы гондола жолы арқылы жетуге болатынын мәлімдеді. Оның сөзіне сенсек, қаланың орталығынан Медеуге дейінгі жол да оңтайландырылады: «Жақында біз әкімге Алматыдағы туристік хаб тұжырымдамасын таныстырдық <...> Көкжайлауға қатысты бағдарламаның негізгі мақсаты - Байтұрсынов көшесінен қатынайтын экспресс-маршрутты қайта іске қосу. Бұл кеңес уақытында Медеуге экспресс-көліктер қатынаған тарихи орын. Нұров осы жерден автобустар арнайы бөлінген жолақ арқылы Алматының барлық негізгі туристік көрікті жерлеріне қарай қатынайтындығын айтып өтті. Ол: «Менің ойымша, бұл жағдайда Медеуге қарай қатынайтын жеке көліктер қозғалысына шектеу қоймаса болмайды», - деп сөзін толықтырды.

Нұров курорттың келешектегі жайын тағы бір мәрте айтып өтті: базалық станциядан бөлек, мұнда 200 орындық мейрамхана, 100 немесе 250 орындық қонақ үй, шаңғы мектебі, аумағы 80 мың текше метр болатын қармен қамтамасыз ететін жасанды көл (көлдің негізгі көзі Казачка өзені болады) орналасады. Көкжайлауда 24 тау шаңғысы трассасын салу жоспарлануда, олардың 60%-ы жаңадан бастаушылар мен жалғастырушылар үшін арнайы жайластырылады, ал қалған трассаларды кәсіпқойлар мен экстрим әуесқойлары бағалай алады. «Бұл бүкіл әлем бойынша ең сәтті шешім деп саналады», - деді Нұров. Almaty Mountain Resorts директорының сөзіне сенсек, шатқалдағы игерілетін аумақтың ауданы 6 гектардан аспайды.

«Жұмыла кірісетін болсақ (қоғамдық тыңдауларда сөйлеген сөзі - V), осы жылдың соңында жобалау кезеңіне көше аламыз деп ойлаймын. Бұл фаза бір жылдан артық мерзімге созылады. 2019 жылдың соңына қарай ЖСҚ-ны аяқтап, 2020 жылдың басында құрылысқа кірісуді, және бірінші кезекті 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді бас спикер. Кейіннен Нұров жұртшылықтың ықпалымен жобаны пысықтау қажет болған жағдайда, аталған мерзімдердің кейінге жылжытылуы мүмкін екендігін айтты. Оның деректеріне сәйкес, курорттың құны жергілікті және республикалық бюджеттерден алу жоспарланып отырған 200 млн АҚШ долларынан аспауы тиіс. «Бүгінгі таңда негізгі инженерлік нысандарды жартылай тұрғызып, оларды ары қарай аяқтау үшін бизнес өкілдеріне аукцион арқылы беру көзделетін модельді жіті қарастырудамыз», - деп сөзін жалғастырды Нұров. Ол мемлекеттің курорттағы баға белгілеу саясатын тек осындай тәсілмен ғана бақылай алатынына сенімді екенін жеткізді.

Нұров әзірге ТЭН бекітілмегендіктен, ЖСҚ дайындау құны туралы алдын ала сөз қозғауға әлі ерте екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол өткен жылдары Көкжайлау жобасына бөлінген қаражат (3,5 млрд теңге) мәселесін қозғап өтті: «Бұл ақша зая кеткен жоқ, біз бұл қаражатты текке жараттық деп есептемейміз. Егер сіздер біздің ТЭН мен ЖСҚ дайындауға жұмсаған және бүгінде жұмсап жатқан қаражатымызды салыстыратын болсаңыздар, үлкен айырмашылықты байқайсыздар. Көрсеткіштер мұның айғағы! Бұған дейін дайындалған жобаларды қазір қолданудамыз».

 

 

 

Спикерлер Көкжайлауда салынып жатқан қосалқы электр станциясының аса қуатты екендігіне қарамастан, оның кейіннен сұранысқа ие болатындығын мәлімдеуге асықты. Алматы қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жайлаубай Ерлан ең алдымен қуаттарды басқа орынға көшіру мен шатқалдағы кіші қосалқы станция құрылысын жүргізудің орынсыз шығынға себепші болатынын айтты. Сондай-ақ Жайлаубай: «Біз Шымбұлақтан Үлкен Алматы көліне, бұдан кейін Ыстықкөлге шығатын көлік жүйесін құру идеясынан бас тартпаймыз <...> Міне осы резервтер аталған жобалар үшін қолданылуы тиіс», - деп атап өтті.

Көкжайлау қорғаушыларының шатқалды сол күйінде қалдыру туралы өтініштеріне жауап ретінде Нұров былай деді: «Біз істі бастап қойдық. Көкжайлау игерілу үстінде. Менің ойымша, бүгінгі таңда Көкжайлауды адам қолы тимеген қорық аумағы деу шындыққа жанаспайды және әділетсіз». Ол 2017 жылы еріктілердің бір ай ішінде шатқалға келген туристерді санағандығын, осының нәтижесінде оған айына 40 мың адам келгендігі анықталғанын айтты. «Осы және келесі жылдары-ақ бұл көрсеткіштің кем дегенде 40 мыңнан екі есеге артатынына сендіргім келеді», - деп мәлімдеді Almaty Mountain Resorts басшысы.

Шатқалдағы құрылысқа қарсы шығушылардың кезекті наразылығына әкімдік өкілі жауап берді. Жайлаубай мырза Көкжайлауға оның сақталуына кепілдік бере алатын ерекше заңды мәртебе беру мүмкіндігіне тоқталды. Алдымен ол қала әкімшілігі тарапынан шатқалға ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беру шаралары көзделмегенін мәлімдеп, кейіннен былай деді: «Бұл мәселеге қарсылық танытпаймыз, мен қолдаймын. Біз бұл бастаманы қуана қарастырамыз. Егер қоғамдық тыңдау шараларына дейін немесе олардың барысында оң шешімге келе алсақ, бастаманы бірауыздан қолдаймыз. Бұл аймақтың сақталуына өзіміз де ниеттіміз. Егер флора мен фаунаны сақтап қалу үшін аталған статусты экологиялық кодекстің нормаларына енгізу немесе басқа да нұсқаларды қарастыру қажет болса, оған дайынбыз».


Дереккөзі: Vlast.kz